Басты Жаңалықтар Түркі әлемі жалған ақпаратқа қарсы

Түркі әлемі жалған ақпаратқа қарсы

Түркия астанасында түркі әлемінің ақпарат майталмандары  дезинформацияға қарсы күрес жолдарын талқылау үшін жиналды. «Түркі әлемінің бағдары – 2040» бағдарламасы аясында Анкарада өткен форумға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердің сарапшылары қатысты. Қазақстан тарапынан Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері мен ақпарат құралдарының жетекшілері қатысты.

Әлеуметтік желі дамығалы әлемде жалған ақпарат қауіпті құбылысқа айналды. Ол тіпті ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін жағдайға жетті. Осылай деген сарапшылар, бұл кеселмен бірлесе күресуге шақырды.

Бурханеттин Дуран, Түркия Президенті жанындағы коммуникациялар басқармасының басшысы:

Өкінішке қарай, түркі мемлекеттерінің халықаралық беделі, ортақ ұлттық сана, өзара ынтымақтастық механизмдері мен аймақтық бірлігі дезинформациялық шабуылға ұшырап отыр. Сондықтан біз түркі халықтарының бір-бірін тереңірек танып, түркі әлемінің халықаралық аренадағы ортақ имиджін қалыптастыру үшін күш біріктіруіміз қажет.

Форумға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдерден 50-ге жуық сарапшы мен медиа менеджер қатысты. Олар ақпарат айдынын жайлаған жалған мәліметке қарсы күрестің тиімді тетіктерін талқылады.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

Ең басты үш тәсіл бар. Ең алдымен, ол, әрине медиасауаттылық. Біздің халқымызға азаматтарымызға керек әрдайым біз жеткізіп тұру керек. Екінші тәсіл, ол әрине медиабасшылардың бірге жұмыс жасауы.Үшінші бағыт ол мемлекеттік саясат, яғни мемлекеттік органдар. Жалған ақпаратты дер кезінде жоққа шығару.

Жалған ақпаратпен күрес елімізде де күшейген. Қазір фейк тарататындарға қатысты заң қатаң.

Болат Мүрсәлім, QAZAQSTAN Ұлттық телеарнасының директоры:

Бұл форумда негізгі бір мақсаты – Түркі мемлекеттері арасында ортақ бір ақпараттық кеңістік құру арқылы сол кеңістікте жалған ақпаратқа қарсы бірлесе күресу, ортақ фактчек жүйесін құру, жедел ақпарат алмасу, бір бірімен тәжірибе алмасу сияқты мәселелер осы жерде нақты талқыланып жатыр. Біздің Қазақстанда да осы жалған ақпаратқа қарсы арнайы орталықтар құрылып, әртүрлі жалған ақпарат таралған уақытта оған заңның жауапкершілігін күшейтіп жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Анкарадағы форумға жиналған медиа сарапшылар дезинформациямен күресте бауырлас елдердің өзара ақпарат алмасуын оңтайландырудың маңызды екендігіне бірауыздан келісті. Алдағы уақытта оның нақты қадамдары жасалмақ.


Бөлісу