Ақмола облысында ең ірі көпфункционалды спорт кешені ашылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Көкшетауда бір мың адамды қабылдауға қауқарлы өңірдегі ең ірі көпфункционалды спорт кешені ашылды. Нысан заңсыз активтерді қайтару есебінен салынды.
Ауданы 11 700 шаршы метрден асатын заманауи спорт кешені бір жыл ішінде бой көтерді. Оған арнаулы мемлекеттік қордан 12,6 миллиард теңге бағытталған. Облыстық бюджеттен қосымша 290 млн теңге бөлінді. Жаңа спорт кешенінде заманауи мультимедиялық жүйелермен жабдықталған көрермен залы, өрмелеу алаңы мен өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған әмбебап спорт залы қарастырылған. Сондай-ақ бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары олимпиадалық стандартқа сай жабдықталды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған. Жалпы, өңірімізде қайтарылған актив есебінен салынып жатқан 12 нысанға арнайы қордан 16,5 млрд теңге бөлу көзделген.
Ардақ Төлендин, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Бұл жерде көптеген республикалық, халықаралық жарыстарды өткізуге болады. Биыл Ақмола облысы бойынша 15 спорт кешені ашылуда. Бұл он бесінші кешен. Жылдың соңына дейін Бестөбеде спорттық-сауықтыру кешені ашылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы