Басты Жаңалықтар Стамбұлда қазақ киносының күндері өтті

Стамбұлда қазақ киносының күндері өтті

Стамбұл қаласында қазақ киносының күндері өтті. Қазақстанның Бас консулдығы мұрындық болған шарада «Қазақфильм» киностудиясы түсірген төрт фильм көрсетілді. Олар «Қажымұқан», «Менің атым Қожа», «Әміре» және «Қазақ хандығы. Алтын тақ» туындылары. Қазақ тіліндегі фильмдердің субтитрмен көрсетілуі түрік көрерменіне еліміздің мәдениеті мен тарихын тереңірек тануға мүмкіндік берді.

Қазақ киносын тамашалауға халық көп жиналды. Фестивальге Түркияда оқитын студенттермен қатар осында тұратын қазақ қандастарымыз да келген. Олар алыста жүрсе де қазақ өнерінің үлкен қолдаушылары.

Ерол Йолжы, Түркияда тұратын қазақ:

Өте ұнады. Қазақ асылдарының бодандық кезінде қалай зардап көргені, ақиқаттарды біліп те тұрмыз. Ол рухты әрқашан ұмытпау үшін осындай киноларды көру керек.

Фестиваль аясында көрсетілген фильмдердің қазақ даласындағы түрлі дәуірлерді қамтуы бауырлас елдің даму кезеңдерін жақынырақ тануға мүмкіндік берді дейді түркиялық көрермен.

Адем Услу, Стамбұл қаласы Зейтинбурну ауданының әкімі:

Биыл жазда Қазақстанға арнайы барып, тарихи жерлерді араладым. Бүгінгі фильмде көрсетілген Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб, Айша Бибі кесенелерін зиярат еттім. Өте әсерлі болды. Бұл фильмдердің жастарға көрсетілуі түрік-қазақ байланысының нығаюына ерекше әсер етеді деп ойлаймын.

Рүстем Әбдіраш, «Қазақ хандығы» фильмінің режиссері:

Халық көп болды. Қазақы қауым жиналды. Біздің студенттер көп болды. Түркінің біраз азаматтары жиналыпты. Көп қызық сұрақтар қойылды. Бұл кино қазір 40 мемлекетке сатылды. Кей мемлекеттер тұтас өз тілдеріне дубляждап толығымен жасап шықты. Хинди тіліне дубляждалды. Сондықтан бұл үлкен жобаның жалғасы әлі алда.

Бұл фестиваль - қазақ киносының тек өнер туындысы ғана емес, мәдени дипломатия құралы ретінде екі ел арасындағы байланысты тереңдетуге елеулі үлес қосатын дәнекер екенін дәлелдеді.

Бөлісу