Басты Жаңалықтар Шығарма авторына сыйақы автоматты түрде есептеледі

Шығарма авторына сыйақы автоматты түрде есептеледі

Телеарна мен радиода орындалған шығарма авторына сыйақы автоматты түрде есептелмек. Жүйе цифрланып жатыр. Енді кез-келген туындының иесі әділ түрде гонорарын алатын болады. Авторлардың құқықтарын қорғайтын жаңалық жайлы Самал Қабышева толығырақ.

Енді теле және радио эфирде кез-келген шығарманың қашан, қанша рет орындалғанын анық көруге болады. Авторлардың құқығын қорғау мақсатында сала цифрланып жатыр. Яғни цифрлық платформа құрылады. Кез-келген автордың әділ гонорар алуына мүмкіндік туады. 

Ғазиз Әмреев, Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары:

Цифрлық платформа бүкіл процесті цифрландырумен айналысады. Яғни теледидармен ұжымдық басқару ұйымы цифрлық платформада шартқа отырады. Жаңағы телеарналарда көрсетілген бүкіл видеоклиптер, барлығы қандай уақытта, қандай көлемде қолданылғаны бойынша ақпаратты бірден табуға көмектеседі. Яғни, автор ұжымдық басқару ұйымынан өзінің талаптарын талап етуге болады. Қаншалықты ақша берілуі керек екенін.

Яғни бұрынғыдай қағазбастылық болмайды. Барлығы ашық, әрі әділетті болады дейді мамандар. Цифрлық платформада тек ән, өлең ғана емес, кез-келген туынды авторының құқығы қорғалады.  Онда патент, тауар белгілері сынды дүние көп. Ауқымы кең. Осы мақсатта жақында Зияткерлік меншік мәселелері бойынша заңға өзгертулер енгізілген болатын.

Ботагөз Жақселекова, ҚР Әділет вице-министрі:

Жаңа Заң кешенді түрде авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауды едәуір күшейтіп, ұжымдық басқару саласындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттырады. Нәтижесінде барлық тарап ұтады, авторлар әділ сыйақы алады, бизнеске түсінікті әрі болжамды ережелер қалыптасады, мемлекет үшін креативті экономиканың дамуы мен зияткерлік еңбекке салынатын инвестициялар артады.

Қазақстанда авторлық құқықты бұзғаны үшін азаматтық және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 198-бабына сәйкес, 80-нен 160 АЕК-ке дейін яғни 314 мыңнан-629 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. 80-нен 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Ал авторлардың құқығын қорғауды мақсат еткен цифрлық платформа 2026 жылдың 1 қаңтарынан, яғни жаңа жылдан бастап іске қосылады деп жоспарлануда.


Бөлісу