Талдықорғанда ерекше әдіспен сурет салатын оқушы тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда ерекше әдіспен сурет салатын оқушы тұрады

22.02.2019

Талдықорғанда ерекше әдіспен сурет салатын жас талант бар. 11-сынып оқушысы Арман Кәрімжановтың көмірден жасалған қарындашпен қағазға түсіргенін кәдімгі фотосуреттерден ажырату қиын. Мұндай бағытты көркемсурет өнерінде гиперреализм дейді.

Арманның сурет салуға икемі 5 жасынан байқалған. Әуелде табиғатты, жыл мезгілдерін, жануарларды көп салатын. Жас суретші Талдықорған көркемөнер мектебінің төрт жылдық сыныбын тәмамдады. Ал, гиперреализм бағытына ден қойғалы бірнеше жыл. «Қызық әрі қиын өнерді бағындыру ерекше шабыттандырады»,-дейді жас талант.

Арман Кәрімжанов, 11-сынып оқушысы:

- Қазіргі таңда адамның бетіндегі сезім немесе адамның бетін салу маған өте ұнайды. Адамның терісін салғанда оның әрбір әжімін салу, әрбір нүктелерін салу қиын. Ол көп уақытты алады.

Арманның басты құралы - көмір қарындаш. Өзіне де ақ-қара түсті туындылар ұнайды. Бір суретті салуға 70 сағат сарп еткен кездері болған. Жақсы дүние жарыққа шығу үшін сапалы құрал-сайман да қажет. Өкініштісі ондай заттарды дүкен сөрелерінен табу қиын.

Бақытгүл Кәрімжанова, Арманның анасы:

- Фаберкаст деген қарындаштарды алғанбыз. Бұл қарындаш Германиядан келеді. Қағаздары бұл жерде сатылмайды.

Жас талант иесі биыл мектеп бітіреді. Болашақта кәсібін бойындағы өнермен ұштастырғысы келеді.

Арманның басты арманы - өз бағытын сәулет өнеріне бұрып, еліміздің құрылыс саласында өз қолтаңбасын қалдыру. Ол үшін қазір күн-түн демей еңбек етіп, көптеген байқауларға да қатысуда. Жас суретшінің кейбір туындылары халықаралық деңгейдегі көрмелерге де ұсынылып отыр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу