Жапонияның солтүстік-шығысында өткен түні 7,5 баллдық зілзала болып, 30 адам жараланды. Мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Кейбір пойыздар тоқтап, сан мың үй жарықсыз қалды. Жер сілкінісінің эпицентрі Аомори префектурасының жағалауынан 80 шақырым қашықтықта, 50 шақырым тереңдікте анықталған.
Дүмпуден кейін цунами қаупі жарияланып, кейін дабыл доғарылды. Бірақ теңіздегі толқын 70 сантиметрге дейін көтерілген. Жергілікті ақпарат құралдары қуатты зілзала алдағы күндері қайта болуы мүмкін екенін хабарлады. Сондықтан тұрғындарға кемінде тағы бір апта сақ болу ескертілді.