Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Ресей арасында тауар айналымы 30 млрд долларға жетуі мүмкін

Қазақстан мен Ресей арасында тауар айналымы 30 млрд долларға жетуі мүмкін

Қазақстан – Ресей тауар айналымы жыл сайын тұрақты түрде өссе, 30 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау Мәскеуде өткен жиында айтты. Мәжіліс пен Дума депутаттары Қазақстан мен Ресей басшыларының уағдаластықтарын іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл көрсеткішке жету үшін екі ел үкіметтері арасында 2026–2030 жылдарға арналған кешенді экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы әзірленген.

Отырыста тараптар логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы өзекті мәселелерді қарады. Жиын қорытындысы бойынша бас қосқандар өзара келісімдердің нақты нәтижелерге жол ашып, Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың барлық салада дамуына қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Кейінгі 20 жылдағы статистикаға сүйенсек, Қазақстан Ресей экономикасына 9 млрд доллар инвестиция салған. Ал ресейлік тарап 28 млрд доллар құйған. Біз парламенттік дипломатияның күшіне және жүйелі жұмысқа сенеміз. Барлық жерде біздің ұстанымдарымыз нақты әрі өзара сәйкес келеді.


Бөлісу