Басты Жаңалықтар Астанада 100-ден аса көлік соқтығысты

Астанада 100-ден аса көлік соқтығысты

Бүгін Астанада 100-ден аса көлік соқтығысты. Оған күрт нашарлаған ауа райы себеп. Елордада қалың қар жауып, жол қозғалысы қиындады. Полиция қызметі жолда барынша сақ болуға шақырады. Көліктің техникалық жағдайын тексеріп, тек қысқы шиналармен жүруге рұқсат екенін еске салады. Ережені бұзғандарға 20 мың теңге шамасында айыппұл салынады.

Айбек Нартпаев, қалалық ІІД патрульдік полиция полкінің командирі:

Құрметті, елорда тұрғындары мен қонақтары. Ауа райының нашарлауына байланысты Полиция департаменті жолда барынша сақ болуды ескертеді. Жүргізушілерге жылдамдықты төмендету, қауіпсіз қашықтықты сақтау, жол жағдайын мұқият бақылау ұсынылады.

-35 градусқа дейін аяз болады

Қазір Астанада коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Мыңнан аса техника мен 3 мың жұмысшы елорданы қардан тазалап жатыр.  Ал алдағы үш күнде -35 градусқа дейін аяз болады. «Қазгидромет» мамандарының болжамынша, еліміздің солтүстігінде антициклон жүреді. Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және шығыс өңірде минус 30-35 градусқа дейін аяз болады. Мамандар алыс жолға шықпауды, жол қозғалысына қатысты ақпараттарды тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығынан білуге болатынын еске салады. 

Аружан Мұратова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

9 желтоқсанда солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерге суық ауа массаларымен ұштасқан солтүстік антициклон жылдам енеді. Ол алдымен еліміздің солтүстік бөлігінде, кейін бүкіл Қазақстан аумағында жауын-шашынның тоқтауына және ауаның күрт суытуына әкеледі. Түнгі уақытта термометр бағандары солтүстік өңірлерде минус 22–30 градусқа дейін, шығыста минус 27–35 градусқа дейін, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыста минус 10–20 градусқа дейін төмендейді.


Бөлісу