Басты Жаңалықтар Дубайда бокстан әлем біріншілігі жалғасуда

Дубайда бокстан әлем біріншілігі жалғасуда

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында Халықаралық бокс қауымдастығының ұйымдастыруымен ерлер арасында Әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Осындан төрт күн бұрын басталған, ашық аспан астында өтіп жатқан әлем біріншілігінде қазақстандық боксшылар сәтті өнер көрсетіп, жеңісті жолдарын жалғап келеді.

Қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің сапынан 51 келі салмақта Даниял Сәбит алғашқы жекпе жегінде ұпай саны бойынша кениялық боксшыдан басым түсті. Ал 54 келі салмақта өз бағын сынап жатқан Сәкен Бибосынов ботсваналық қарсыласынан мықты екендігін байқатты.

Сәкен Бибосынов, бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі:

Бұл әлем чемпионаты өзгеше өтіп жатыр. Ашық аспан астында, теннистік кортта. Алғаш рет жұдырықтасып жатырмыз. Бірінші кездесу жеңіске жеттім. Шаршы алаңды сезіндім. Бұйырса келесі жекпе-жектерде бұдан да жақсы өнер көрсету үшін бар күшімізді саламыз.

Сол секілді 57 келіде өнер көрсетіп жатқан Оразбек Асылқұлов та бірінші айналымнан сүрінбей өтті. Ол Кабо Верде өкілін жеңген болатын. 60 келі салмақта Серік Теміржанов азулы қарсыластардың бірі моңғолиялықты ұтса, 63 жарым келіде Ертуған Зейнуллинов тағы бір моңғол боксшысын жеңді.

Ертуған Зейнуллинов, бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі:

Бірінші кездесу болғанннан кейін кішкене қиындау болды. Қанша күн демалдық. Рингті сезіндік, келесі жолы жақсырақ істеуге барымызды саламыз.

67 салмақта сынға түсіп Санатәлі Төлтаев замбиялықты ұтса, 71 келідегі Абылайхан Жүсіпов армениялықты айқын басымдылықпен жеңді.

Абылайхан Жүсіпов, бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі:

Қарсылас өте жақсы екен. Стилі де, бәрі өте керемет. Жас боксшы. Алдағы жарыстарда тағы жолығамыз деген ойдамын. Біз үшін керемет жекпе-жек болды.

Ал 75 келідегі Сабыржан Аққалықов болса, сейшельдік қарсыласын сұлатып салды. Сонымен қатар 81 келідегі Ерасыл Жақпеков та Буркина Фасо өкілін айқын басымдылықпен бірінші раундта ұтты. 86 келіде Дәулет Төлемісов бразиялиялықты жеңді.

Айта кетейік, әлем чемпионаты 13 желтоқсанға дейін жалғасады.


Бөлісу