Шығыста қысқы туризм маусымы ашылды. Арнайы ұйымдастырылған спорттық-мәдени шараға жиналған халыққа туристік бағытта қызмет көрсететін кәсіпкерлер өз мүмкіндіктерін көрсетті. Соңғы 2–3 жылда аймақтағы қысқы туризм айтарлықтай дамыды. Облыс орталығына жақын маңдағы демалыс нысандарының инфрақұрылымы жаңартылды.
Алғаш рет тау беткейінен арнайы шаңғы трассасы салынып, биікке көтерілетін аспалы арқан жолы тартылды. Соның нәтижесінде бір уақытта жүздеген адам қысқы спорттың бірнеше түрімен шұғылдана алады. Ал тау бөктерінде туристерге қызмет көрсететін нысандар салынып жатыр. Ол жерде жайлы орын, ыстық тамақ та қарастырылған.
Жалпы, Шығыс Қазақстанға биыл 500 мыңға жуық турист келген. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 1 миллионға жеткізу жоспарда тұр. Өңірде оған барлық мүмкіндік бар.
Соңғы кездері туризм саласы облыс экономикасының драйверіне бірте-бірте айналып келе жатыр. Бұл салаға қомақты қаржы тарту қажет. Осы керемет табиғатты шетелге, бүкіл әлемге таныта отырып, шетелден келетін туристерді қабылдауға, оларға қызмет көрсетуге біз дайынбыз.