Павлодар облысында 120-ға жуық ауылдық округ бар. Солардың екеуінің ғана өз табысы қажеттілігін толық өтейді. Басқаларының кірісі 10 пайыздан аспайды. Яғни, бюджеттің 4-деңгейлі кірісінің 90 пайызын аудандық бюджеттің трансферттері құрайды. Сондықтан ауыл әкімдерінің өздері жиған салық пен басқа да түсімдер қашан артады деп күтіп отыру нәтиже бермейді.
Президенттің қатысуымен өткен ауыл әкімдерінің республикалық жиынында ауылдар аумағында орналасқан кәсіпорындардың табысының бір бөлігі жергілікті халықтың игілігіне жұмсалуы қажет деген мәселе көтерілді. Мәселен, Павлодар қаласының іргесіндегі Павлодарское ауылында бірнеше өңдеуші кәсіпорын бар. Бірақ олардан ауылға мүлде салық түспейді.
Аманбек Ұнатұлы, Павлодар ауылдық округінің әкімі:
Біздің ауылда 4 үлкен кәсіпорын бар. Біреуі облыс орталығында тіркелген. Біреуі басқа ауданда тіркелген. Біреуі республикада тіркелген. Егер осы 4 кәсіпорын салықтарының бір бөлігін біздің ауылда қалдырар болса, әрине, ауылымыздың өз кірісі біраз көтеріледі. Онда біз субвенция мен трансфертке қарамай, өз тірлігімізді дөңгеленте беруге мүмкіндігіміз болады.