Басты Жаңалықтар 5 мыңнан астам қазақстандық студент пен оқытушы ЕО елдерінде білімін жетілдіруге мүмкіндік алды

5 мыңнан астам қазақстандық студент пен оқытушы ЕО елдерінде білімін жетілдіруге мүмкіндік алды

Елімізге алғаш рет ресми сапармен Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта келіп кетті. Еліміздің Еуропа Одағымен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанына 10 жыл.
Еуропа Одағы – біздің ірі сауда және инвестициялық серіктесіміз. Былтыр екіжақты тауар айналымы шамамен 50 млрд долларға жетті. Ал 2005 жылдан beri елімізге салған инвестицияның көлемі 200 млрд долларға жуықтады. Еуропа Одағының Орталық Азиямен сауда-саттығының 80 пайызы біздің мемлекетке тиесілі.
Түрлі салада еуропалық 4 мың компания жұмыс істейді. 5 мыңнан астам қазақстандық студент пен оқытушы Еуроодақ елдерінде білімін жетілдіріп, тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.
Мемлекет басшысы С5+ диалогы аймақты дамытудағы басымдықтарды жүзеге асырудың тиімді тетігіне айналғанын жеткізді. Ал Антониу Кошта Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кавказ аймағындағы бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы келіссөз барысында көлік-логистика қатынастарын нығайту жолы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға бірге жұмылу қарастырылғанын атап өтті.
Тараптар БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын сақтауға әрдайым бейіл екенін тағы растады.
Антониу Кошта: «Өздеріңізге белгілі, Еуропа Одағы соғысты тоқтату үшін Украинамен тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз серіктестерімізбен бірге Украинада әділетті және мызғымас бейбітшілік орнату ұстанымын әрдайым қолдаймыз. БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген тәртіпті дәйекті түрде қорғап келе жатқан Қазақстан тарапына алғыс айтамыз», – деді.
Сонымен бірге осы аптада Брюссельде визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздің алғашқы раунды өткен-ді. «Бұл уағдаластық Қазақстан мен Еуропа азаматтары үшін өте маңызды екенін жақсы түсінемін. Келісімге қол қойылғаннан кейін азаматтарымыздың барыс-келісі, алыс-берісі жиілеп, білім алып, жұмыс істеуіне оңтайлы жағдай туады», – деді Еуропалық кеңес президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Коштаны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Бөлісу