Басты Жаңалықтар Енді азаматтар зейетақы жинағын көзін емдетуге пайдалана алмайды

Енді азаматтар зейетақы жинағын көзін емдетуге пайдалана алмайды

Зейнетақы жинағындағы ақша енді көз емдеуге де, тіс емдеуге де берілмейді. «Отбасы банк» 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап өтініш қабылдауды тоқтатқанын хабарлады. Бұған дейін қабылданған өтініштер қаралады.
«Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді» деп жазылған «Отбасы банктің» хабарламасында.
Қыркүйекте стоматологиялық қызметтерге зейнетақы жинағын жұмсауға тыйым салынған, бірақ ол кезде «уақытша» деген. Алайда тыйымның түпкілікті салынатыны түсінікті еді. Сол кезде қаражатты көз емдетуге пайдаланғысы келетіндер саны 7 есе артқан.
Әлбетте, Денсаулық сақтау министрлігі күмәнмен қарап, тексеріс жүргізген. Мысалы, бірнеше клиент бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаған, алайда құжаттарда клиниканың мекенжайы әр түрлі қалада көрсетілген. Ал тексеру барысында ол мекенжайларда ондай клиника тіпті жоқ болып шыққан.
Тыйымдардың қалай басталғанын еске түсірсек: күздің басында Қаржы мониторинг агенттігі Атырау облысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «тіс емдеуге» деп 200 млрд теңге шоттарға түскен, олардың шын мәнінде ақшаны шығарып алу үшін жасалған операция екенін анықтадық, – деген.
«Тіс емдегіштер» ақшаны қағазда ғана бар 30-дан аса клиника арқылы шығарған. Ғимараттары да, жабдықтары да, қызметкерлері де болмаған. Ал клиникалардың басшылары мен құрылтайшылары люкс көліктер мен жылжымайтын мүліктер сатып алған.
Артынша Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы қорындағы ақшаны тіс емдетуге бермеуді ұсынды. Шын мәнінде тіс емдетуге жұмсамайды деген күдік негізсіз еместігі белгілі. Бірақ маңдай термен жинағанын адамдар пайдаланғысы келеді.
Бұл - бірінші кезекте әлеуметтік жағдайдан туатын тілек. Адамдар бір жыртығын жамауды ойлайды. Жақсы, тіс емдетуге ғана қарастырылған ақшаны басқа мақсатқа жұмсауға болмайды.
Алайда ұрлық бар деп, неге бұл мүмкіндікті мүлдем жойып жіберу керек? – дегенбіз. Енді, міне, көз емдетуге де берілмейді. Азаматтар зейнетақы жинағы шекті сомадан асса, ипотекаға аудара алады.

Бөлісу