Мүгедектігі бар адамдарды қорлағандарға қылмыстық жауапкершілік бар ма?
Біз арнайы дыбыспен бүркеп тастаған тұста «жеңіл жүрісті» деген мәндегі өте дөрекі бейәдеп сөз айтылды. gulnara.blogger деген атпен тіркелген желі қолданушысына сол балағаты үшін ғана айыппұл салынды. Ал бүйректен сирақ шығарған лақап әңгімесінің мазмұны елеусіз қалған.
Гүлбану Әниятқызы, ерекше баланың анасы, журналист:
Хайп істеймін деп ол қаншама миллиондаған адамдардың ар-намысына тиді. Біздің полиция да, сот та бұл мәселеге өте селқос қарады деп есептеймін. Себебі олар ерекше баласы бар ата-аналарды осылай қорлап отырған адамға ең жеңіл жаза береді.
Астаналық журналист Гүлбану Әниятқызының отбасында ерекше бала өсіп келеді. 7 жасар Айтұмарға 3 айлығында микроцефалия диагнозы қойылған. Содан бері жұбайы екеуі бар күш-жігері мен тапқан-таянғанын түгел Томпи деп еркелететін осы кіші қызының қамына6 еміне, оңалуына, дамуына жұмсап келеді. Өмірі күреске айналғандарды блогердің сөзі езіп-жаншығаны сол.
Гүлбану Әниятқызы, ерекше баланың анасы, журналист:
Онсыз да қиналып жүрген отбасыларға өте ауыр, трагедия болып тиіп жатыр. Менің өзіме хаттар келіп жатыр, қайын сіңлісі, енесі сол блогердің видеосын ерекше баланың анасына жіберіп, «Міне, біздің баланың ауру болып қалғаны сенің кінәң екен ғой. Біз сенің бұрынғы өміріңді білмейміз, сенің қандай болғаныңды» деп. Бұл - үлкен соққы.
Депутаттарда бұл жағдайға бей-жай қарап қалған жоқ. Ерболат Саурықов блогерге тым жеңіл жаза кесілгеніне наразы.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Менің ойымша, шынында да қылмыстық жазаға тарту керек. Әкімшілік жазамен құтылып кететін болса, ертең ондай оқиға екінші рет орын алуына себепші болады. Екіншіден, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-ананы елдің бәрі түсіне бермейді. Ол – өте ауыр. Менің де кіші қызым ерекше жағдайдағы бала.
Блогер әкімшілік айыппұлмен оңай құтылғанын депутат Нартай Сәрсенғалиев те құптамайды. Жаңсақ пікірдің мазмұны дұрыстап талдануы керек деп есептейді.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл қоғамда айтылмауы, болмауы керек пікір. Мұндай пікір енді қайталап айтылмауы үшін уәкілетті ведомстволар қатаң заңдық, құқықтық баға беруі керек деп санаймын.
Сонымен ол пікірдің дәл құқықтық бағасы қандай?
Ләззат Ақатова, заңгер:
Қылмыстық кодекстің 131-бабының «адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне тиетін сөз айтқан, қорлау» сипатына сай келеді деп ойлаймын. Қылмыстық кодекстен басқа Азаматтық кодексте де «ар-намыс, қадір-қасиетке тию» бойынша 143-бап бар. Ол баппен берсе де болады. Оған сәйкес, тіпті ата-аналар моральдық шығын да өндіріп алуға болады.
Ал кей заңгерлер бұл әрекет Қылмыстық кодекстегі 174-баптың «әлеуметтік алауыздық тудыру» сипатына сай келетінін айтып жатыр. Мәселен, үш ай бұрын «аутизмі бар балаларды өлтіру керек» деп салған Райхан Жумамуратова деген блогердің үстінен дәл осы бап бойынша іс қозғалған еді.
Әлеуметтік әлсіз топты мансұқтайтын сөздер мен әрекеттер қоғамда уақ-уақ шығып тұрады. Тіпті, ресми мінберлерден де. Міне, бірер мысал.
Осы сөзінен кейін жұрттың кәріне ұшыраған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов «Алла жазалады» деп қателескенін айтты. «Ойымды дұрыс жеткізбеппін. «Құдай үлкен сынақ берген» деп айтпақ болғам» деп кейінірек желідегі парақшасында ақталып, кешірім сұрады.Ресми тұлғалардың тағдыр тәлкегіне ұшырағандарды қорлауы жалғыз кейс емес.
Бұл Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың әскердегі суицидті жоққа шығарғысы келгендей болып жырқылдап тұрған сәті. Мұндай мысалдардың да дәл құқықтық бағасы берілуге тиіс дейді заңгер. Себебі «Мемлекеттік қызметкерлердің этикалық кодексі» бұзылып тұр.
Ләззат Ақатова, заңгер:
Билік тарапынан мұндай лауазымды тұлғаларға реакция болуы керек еді деп ойлаймын. Оған да жауапкершілік болуы керек қой. Ең құрығанда, заңмен болмаса да, тәртіптік жазаға тартылуы керек.
Алайда заңмен жазалау аздық етеді дейтін пікір де бар.
Ақмарал Байдлаева, философ, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ оқытушысы:
Канселинг қазір өте жақсы жұмыс істейтін амалдардың бірі болып тұр. Тек қана құқықтық тұрғыдан емес, сонымен қатар мәдени жазалау формалары әлеуметтік желіде жақсы жұмыс істейді деп ойлаймын.
Біз бейнематериалға соңғы төрт кейсті ғана желеу етіп отырмыз.Ал осындай кез келген оқиға қоғамдағы адамгершілік деңгейінің көрсеткіші, дейді сарапшылар.
Молдияр Ергебеков, PhD, әлеуметтік ғылымдар зерттеушісі:
Қоғамдағы адамдар бір-біріне сенбейтін болса, бір-бірін кемсітетін болса, бірін-бірі алалайтын болса, онда бұл қоғамның адамгершілік деңгейі төмен деген сөз. Ал керісінше, адамдар бір-біріне сенетін болса, бір-бірін қолдайтын болса, бірін-бірі қолдай алатын дәрежеде болса, ол қоғамның адамгершілік дәрежесі жоғары деген сөз.
Ақмарал Байдлаева, философ, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ оқытушысы:
Мен үшін бұл жалпы қоғамдағы белгілі бір симптомдардың көрсеткішін, иллюстрациясын білдіретін жайт болып тұр. Мәдениеттануда қоғамның моральдық-этикалық ересектігінің өте жақсы индикатор, көрсеткіштерінің бірі – әйел мен балаға деген қарым-қатынасы. Соның ішінде ерекше күтімді қажет ететін балаларға деген қарым-қатынасы.
Бұл өзі қайдан шыққан өшпенділік?
Молдияр Ергебеков, PhD, әлеуметтік ғылымдар зерттеушісі:
Бұл фашизммен де ұштасады. Ол жаңсақ пікірді фашизмге алып баратын – қоғам пікірінің көшбасшылары. Қоғамға әсер етуші адамдардың алдында этикалық таңдау бар: өзіңнің әсер ететін аудиторияңды дұрыс жолға бастау ма, әлде сол аудиторияңның ең нашар, қорқынышты, фашист көзқарасын қайтадан өндіре отырып, сол қоғамды одан әрі қоздыру ма?
Ақмарал Байдлаева, философ, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ оқытушысы:
Жаңағы кейсте виктимблейминг кәдімгідей, морализаторлық, шындыққа жанаспайтын фактілерді шынайы деп қабылдау. Сондықтан біз сіздермен әлі де болса медиасауаттылықты арттыруымыз керек. Блогерлер мен медиа көздерінің этикалық жауапкершілігін арттыру керек.
Ал егер ондай әрекеттерге қоғам мәдени тойтарыс беріп, құқық қорғау органдары заңмен жазалап отырмаса...
Молдияр Ергебеков, PhD, әлеуметтік ғылымдар зерттеушісі:
Ол кері қайтпайды. Неге? Өйткені аудиториясына сенеді. Аудиториясынан азықтанады және аудиториясына да осылай азық береді, дискурстық азық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы