Басты Жаңалықтар «Медиадиалог» сарапшылар клубы құрылды

«Медиадиалог» сарапшылар клубы құрылды

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Ашық алаң» қоғамдық-саяси бағдарламасының негізінде «Медиадиалог» сарапшылар клубын құрды. Бұл бастама – мемлекеттік құрылым қызметкерлерінің бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді көздейтін кешенді жоба. Мұндағы мақсат – ақпаратты дәл, анық әрі түсінікті жеткізе алатын кәсіби спикерлер шоғырын қалыптастыру. Осы арқылы корпорация өз эфирлері үшін тұрақты сарапшылар пулын жасақтап, қоғаммен байланыс сапасын күшейтпек. Алты айға жоспарланған бағдарлама аясында қатысушылар ай сайын тренингтерге қатысып, тікелей эфирде еркін сөйлеу, пікірталас жүргізу, аудиториямен жұмыс істеу, ақпаратты ықшам әрі әсерлі жеткізу дағдыларын дамытады. Талқы алаңында Ұлттық арнаның саяси-аналитикалық жобаларының авторлары мен кәсіби тележүргізушілері тәжірибе алмасады.
Ернұр Бурахан, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы:

Бұл бастама екі жаққа да тиімді болады деген үміттеміз. Себебі сіздер телеарнаның қыр-сырын үйреніп, кез келген жағдайда тікелей эфирде, жалпы камераның алдында өздеріңізді қалай ұстау керектігін, не айтқан дұрыс деген мәселелерді біздің практик мамандарымыздан үйренуге мүмкіндік аласыздар. Ал біз әр саланы жетік меңгерген сарапшылар пулын жасақтасақ деген ойымыз бар.
Олжас Тілебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
Жалпы, мемлекеттік органдардың өкілдері үшін өте пайдалы жоба. Осы мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейту жолдары, тез арада шұғыл әрекет ету, шұғыл ақпарат жолдау т.б. осындай маңызды нәрселерді үйретеді.

Бөлісу