Басты Жаңалықтар Атырау облысына биылғы жартыжылдықта 83 мыңнан астам турист келген

Атырау облысына биылғы жартыжылдықта 83 мыңнан астам турист келген

Атырау «экологиялық апат аймағы» атана ма? Мұнайлы өлкенің шырайын қашырып тұрған өзекті мәселе бұл. Дегенмен күрделі сұрақтың жауабы әзірге белгісіз. Бүгінде геологиялық, санитариялық және әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы аймақ әкімі Серік Шәпкенов айтты.

Атырау облысы биыл экономиканы әртараптандыру бағытына бет бұрған аймақтардың бірі. Мұнда жалпы құны 104 млрд теңге болатын 20 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жаңа құс фабрикасы мен вагон дөңгелегін жөндеуге арналған үлкен шеберхана және басқа кәсіпорындар іске қосылса, 1 300-ден аса адам жұмыспен қамтылмақ. Өндірістік өңірге медицина мамандарын тарту жұмыстары да жүйелі жүргізіліп жатыр.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

10 млн теңгені шалғай жатқан елді мекенге барған дәрігерге төлейміз. Ал егер аудан орталықтары мен басқа жерлердегі дәрігерлер болса, оларға 8,5 млн теңге көлемінде, ал қалада 5 млн теңге көлемінде төлемақы беріледі. Нәтижесінде соңғы 2 жылда 200 жуық маман тартылды.

«Теңізшевройлдың» Келешек кеңею жобасы аяқталғаннан кейін жалпы инвестиция көлемі 30%-ға азайыпты. Аймақ экономикасының негізгі тірегі – мұнай-газ саласы екені белігілі. Сондықтан осы бағытта құны 10,7 млрд доллар болатын үш ірі жоба қолға алынған.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

Қысқаша тоқталып өтетін болсам, бұл – полиэтилен жобасы, газ сепарациялық қондырғысы және газ өңдеу зауыты. Бұл үш жоба да қазіргі таңда жұмысқа қосылған. Алдағы жылдары аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар келесі жылы тағы бір жоба басталады.

Көңіл көншіткен көрсеткіштің бірі – биылғы жартыжылдықта Атырауға 83 мыңнан астам турист келген. Әсіресе ортағасырлық Сарайшық пен Қиғаш өзеніндегі Лотос алқабы көпшілік қызыққан басты бағыттарға айналып отыр. Әлемде сирек кездесетін гүлдің Атырауда ғана өсуі отандық туризмді өркендетуге теңдессіз мүмкіндік жасап тұр.


Бөлісу