Стоматологиядағы баланың қазасы: Клиника басшысынан жауап алынды
Астанада үш жасар Зеренің стоматологиядағы қазасына қатысты резонансты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін тіс емдеу клиникасының құрылтайшысы Надежда Хоннан жауап алынды. Оның айтуынша, оқиға болған күні ол орталыққа процедура басталғаннан кейін келген. Жұмысқа кіріп, киім ауыстырып жатқан кезде қызметкерлер баланың оянбай жатқанын хабарлаған. Директор анестезияға байланысты барлық шешімді клиника басшылығы емес, тек анестезиолог қабылдайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ прокурордың айтуынша, жоспардан тыс тексеру нәтижесінде анестезия бөлмесінде қажетті жабдықтар толық болмағаны, шұғыл көмекке арналған дәрілердің жеткіліксіздігі анықталған. Кейбір қызметкердің міндетті сертификатсыз жұмыс істегені де расталды. Ал директор жабдықталу стандарттары жөнінде сұрақтарға нақты жауап бере алмады.
Вероника Ким, тіс емдеу клиникасының адвокаты:
Надежда Хон қайғылы жағдай болардан 27 күн бұрын ғана директор болып тағайындалды. Экспертиза нәтижесінде мерзімі өткен препараттардың анықталғаны рас. Бірақ олар Зере Есентайды емдеу кезінде мүлде қолданылмаған. Сондықтан тергеу нәтижесімен келіспейтін тұстарымыз бар.
Еске салсақ, қайғылы жағдай осыдан 1 жыл бұрын болды. Дәрігерлер бүлдіршіннің бірден 18 тісін емдеу үшін севоран препаратын қолданған. Үш жарым сағатқа созылған оперциядан кейін бала есін жимастан қайтыс болған. Бүлдіршіннің өліміне себепші ретінде клиниканың анестезиологы Аида Жұмағалиеваға Қылмыстық кодекстің «Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабы бойынша айып тағылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы