Омыртқаны имплантқа ауыстыру операциясы тегін жасалуы мүмкін
Елімізде келер жылдан бастап омыртқаны имплантқа ауыстыру операциясы тегін жасалуы мүмкін. Яғни, ең күрделі отаның бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылмақ. Бұл туралы Ұлттық нейрохирургия орталығының өкілдері мәлімдеді. Статистика бойынша республикада 100-ден астам науқас осындай медициналық көмекке мұқтаж.
Омыртқаның зақымданған бөлігін жасанды аппаратқа ауыстыру – дәлдік пен жоғары тәжірибені талап ететін күрделі процесс. Өйткені ісікті кесіп алып жатқанда жұлынды зақымдап алмау өте маңызды.
Асылбек Данияр, тілші:
Бұл омыртқа импланты 3D принтері арқылы жасалған, отандық өнім. Бұрынғы стандарт импланттан артықшылығы науқастық анотомиялық пішініне сай толық негізделген.
Қазақстанда
мұндай бірегей операция 2019 жылдан бері жасалады. Әзірге нәтижесі жаман емес.
Омыртқаның орнына титан имплант салдырған төрт науқастан ешқандай шағым түспеген.
Мамандардың айтуынша, жаңа әдіс әлі дүниежүзінде қолданылмаған. Ұқсас жобалардың
өзі некен саяқ.
Талғат Керімбаев, Ұлттық нейрохирургия орталығының бөлімше меңгерушісі, нейрохирург дәрігері:
Жоба Денсаулық сақтау министрлігінде жоғары комиссия отырысында мақұлданды. Енді клиникалық хаттамасын әзірледік. Келесі жылы кепілдендірілген медициналық көмек арқылы сол жерге енгіземіз, содан кейін барлық адамға осындай әдісті қолдануға болады. Науқасқа өзіне ұқсас омыртқа салса, онда нәтижесі жақсы болады. Олар тезірек бір-біріне үйренісіп, тұрақсыздық болмайды.
54 жастағы Илья Тульский үш жыл бойы бел омыртқасы ауырып, маза бермеген. Дәрігерге қаралып тексерілмеген, ешқандай ем қабылдамаған. Ауыру жанына батқан соң орталыққа жүгінген. Тексеру кезінде ісік кеуде омыртқасының бір бөлігін зақымдап, жұлынды қысып тастағанын анықтаған. 6 сағат ота жасап, қазір қиындықтың бәрі артта қалды.
Илья тульский, емделуші:
Мен мұнда 16 қыркүйек күні келіп тексерілдім. Арада 2-3 күн өткен соң анализ қорытындысы дайын болғанын, маған ота жасау керегін айтты. Ұзақ уақытқа созылатын, күрделі операция екенін де ескертті. Қазір жағдайым жақсы, ештеңе мазалап тұрған жоқ, ауырсыну да басылды. Дәрігерлерге алғысым шексіз, олардың біліктілігінің арқасында осындай ауыр дерттен арылдым.
Отандық мамандардың бұл әдісі халықаралық конгрестерде жоғары бағаланып үлгерді. Қазір технологияны қаржыландыру және оны клиникалық тәжірибеге кеңінен енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Келер жылдан бастап осындай бірегей отаны кез келген мұқтаж азамат тегін жасатуы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы