Басты Жаңалықтар Стамбұлда 40 күнге ғана жететін ауыз су қалды

Стамбұлда 40 күнге ғана жететін ауыз су қалды

Биыл Таяу Шығыстың бірқатар елі құрғақшылықтан зардап шегіп отыр. Олардың қатарында Түркия да бар. Анадолы еліндегі су қоймаларында су деңгейі күрт төмендеп, үлкен қалаларда ауыз суды қолдануға шектеулер қойыла бастады. Мамандар тұрғындарды суды қатаң үнемдеуге шақырып отыр. Бауырлас елдегі шетін мәселе туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Түркияда биылғы жаз ыстық әрі құрғақ болды. Әдетте жаңбырлы болатын күз мезгілінде де жауын-шашын мардымсыз. Осының кесірінен ірі қалаларда су тапшылығы сезіліп отыр. Мәселен, Стамбұл қаласын ауыз сумен қамтып отырған тоғандарда тек 19 пайыз ғана су қалған. Бұл алып мегополиске тек 40 күнге ғана жетеді дейді мамандар.

85 млн-нан аса халқы бар Түркия - әлемдегі суды ең көп тұтынатын елдердің бірі. Сондықтан биылғы құрғақшылық халыққа ауыр тиіп тұр. Су тапшылығын азайту үшін Анкара, Измир және Бурса қалаларында ауыз су уақытпен беріле бастады. Тұрғындар да тіршілік нәрін үнемдеу өте маңызды екенін айтады.

Стамбұлға ауыз су беріп отырған 10 тоғанның барлығында су мөлшері күрт төмендеп кеткен. Кейбірі тіпті құрғап та қалған. Бұл соңғы 10 жылда болмаған жағдай. Мамандар бұған суды шамадан тыс қолдану ғана емес, ғаламдық климаттың өзгеруі де кері әсер етіп отыр дейді.

Севжан Дурсун, «Ауыз суды қорғау» ұйымының басшысы:

Әлем елдері қазіргі ауыз су қорларын сақтау үшін бірлесе әрекет етпесе, алдағы 20 жылда су табу мүлде қиын болмақ. Климаттың өте жылдам өзгеруі маусымдардың орындарын ауыстырып жатыр. Сондықтан Түркия кәріз суларын қайта қолдану жобасын қолға алды. Қазіргі таңда кәріз суларының 4,7 пайызы ғана кәдеге жараса, 2030 жылы бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткізбек.

Ресми санақ бойынша 16 млн халық тұрады делінген Стамбұлда бейресми дерек бойынша адам саны 20 млн-нан асып кеткен. Бұл да су қолдану деңгейіне әсер етіп отырған факторлардың бірі. Биыл жаз-күз айларында мегаполис халқы рекордтық мөлшерде, яғни күн сайын 3 млн 700 мың текше метр су қолданған. Егер жағдай осылай жалғаса берсе жақында Стамбұлда ауыз су уақытпен беріле бастауы мүмкін.


Бөлісу