Басты Жаңалықтар Түркияда әлемдегі ең ірі «Халал ЭКСПО» көрмесі ашылды

Түркияда әлемдегі ең ірі «Халал ЭКСПО» көрмесі ашылды

Ыстанбұл қаласында әлемдегі ең ірі «Халал ЭКСПО» көрмесі басталды. Әлемнің 50-ден аса елінен жиналған өндірушілер арасында қазақстандық компаниялар да бар. Осымен он бірінші рет өтіп отырған көрмеде халал сертификаты бар өнімдер мен қызмет түрлері таныстырылады. Кейінгі жылдары бұл нарықта сұраныс айтарлықтай өскен.

Ыстанбұлдағы «Халал ЭКСПО» көрмесіне әлемнің әр түкпірінен 500-ден аса компания өз өнімін қойған. Олардың қатарында қазақстандық компаниялар да бар. Солардың бірі макарон өнімдерін шығаратын отандық кәсіпорын бірнеше дақыл түрінен дайындалған, денсаулыққа пайдасы мол ерекше кеспе түрлерін әкелген.

Әбдіманап Оспанов, техника ғылымдарының докторы, Қазақ аграрлық университетінің профессоры:

Мультидақылдардың қазіргі таңда дүние жүзінде 14-15 түрі бар. Бұрынғы макорон өнімдері негізінен бидай ұнынан, қатты сорттан жасалады бірақ олардың химиялық құрамы өте белокқа кедей болып келеді. Ал мынадай ғылыми зерттеу нәтижесінде құрастырылған компоненттермен жасалған рецептуралар  тағамдық және биологиялық құрылымы өте бай.

Римма Тәжібаева, компанияның атқарушы директоры:

Ғалымдармен жұмыс істеп бүгінгі таңда ғылыми қордың бізді қолдауы арқасында 26-дан астам өнім алып келіп отырмыз. Бірнеше институттармен бірлесе жасаған инновациялық өнімдер. Макарон өнімдерінен бастап лапша кеспе және ұн өнімдерін де шығара бастадық. Бірінші презентациямызды осы Ыстамбул қаласынан Халал Эксподан бастап жатырмыз.

Тағы бір қазақстандық компания ұлттық киімдерімізді көпшілік назарына ұсынды. Әйелдерге арналған әдемі нақыштағы шапандар халық назарын бірден өзіне аударды.

Раушан Әнуарбекова, киім дизайнері:

Келушілер тарапынан өте көп қызығушылық болып жатыр. Бұл қай мемлекет, бұл Қазақстан ғой, не деген керемет деген сөздерді естіп жатырмыз. Сән әлемінде әртүрлі іс-шараларға қатысып, қазақ ханымдарының сұлулығын көрсетіміз, өзіміздің мәдениетімізді көрсетеміз әжелер арқылы. Сол себепті біздің жобамыз әлемді таң қалдырған әжелер деп аталады.

 «Халал ЭКСПО» көрмесі аясында компаниялар өзара сауда серіктестігіне қол жеткізіп, тиімді келісім шарттар жасады. Кейінгі жылдары әлем бойынша халал индустрия жылдам дамып келеді. 2025 жылы бұл нарықтағы тауар айналымы 2,5 триллион долларға жеткен.



Бөлісу