Басты Жаңалықтар Вирустан сақтанудың жалғыз жолы – вакцина

Вирустан сақтанудың жалғыз жолы – вакцина

Елімізде вирустық инфекция жұқтырғандардың көпшілігі - балалар. Ауырғандар саны көбейгенімен елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ал Гонконг тұмауына шалдыққандар болса, өткен аптамен салыстырғанда екі есеге өскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері хабарлады. Дәрігерлер аурудың алдын алудың жалғыз жолы – екпе салдыру дейді. Әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.              

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері тұмаумен аурып жатқандардың көпшілігі вакцина алмағанын айтады. Статистика бойынша қазірге дейін тек 2 миллионнан аса адам екпе салдырған. Препарат Гонконг тұмауынан сақтануға да көмектеседі, дейді.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

Алдын ала тапсырыс берген кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамын ескердік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамында H3N3, H1N1, В типті тұмаулардың штаммдары вакцинаға алдын ала енгізілген болатын.

Вакцина мутацияға ұшыраған вирустардан 70 пайызға дейін қорғайды. Өзге де аурулардың асқынып кетуінен сақтайды. Әрі тұмаудан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендетеді, -дейді медицина ғылымдарының профессоры Алмаз Шарман.

Алмаз Шарман, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті, медицина ғылымдарының профессоры:

Вакцина салынғаннан кейін 2 аптадай сақтану керек. Өйткені, дәрі ағзаға еніп, вирусқа қарсы антидене қалыптастыруға уақыт кетеді. Екпеден соң 1 аптаның ішінде вирус жұқтырған адаммен байланыспаған жөн. Әйтпесе вакцина ештеңеден қорғамайды. Біз әлі аурудың шарықтау шегіне жеткен жоқпыз. Шамамен қаңтар-ақпан айында болуы мүмкін.

Эпидемиологтар вирустан қорғанудың бірнеше жолын ұсынады. Мәселен, қоғамдық орындарға барудан уақытша бас тарту керек. Адам көп жиналатын жерге маска тағып бару аса маңызды. Науқастармен байланысты мүмкіндігінше шектеп, гигиеналық талаптарды сақтап, дұрыс тамақтану да шарт. Дәрігерлер мүмкіндігінше қыс болмай вакцина салдыру керегін айтады.


Бөлісу