Басты Жаңалықтар Брюссельде қазақ мәдени орталығы жұмыс істей бастады

Брюссельде қазақ мәдени орталығы жұмыс істей бастады

Брюссельде қазақ мәдени орталығы жұмысын бастады. Еліміздің Бельгиядағы елшілігінде ашылған жаңа алаң шетелде тұратын Отандастарды қолдауға және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға арналған. Балалар мен ересектер енді осы орталықта қазақ тілін үйреніп, төл өнерге суындамақ. 

Қарт құрлықта қазақ екенін мақтан тұтып жүрген кішкентай бүлдіршіндер мен ересектердің бүгін қуанышында шек жоқ. Бәрі көптен бергі армандарына қанат біткеніне разы. Елшілік жанынан ашылған қазақ мәдени орталығында енді олар өз тілін, тарихын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын терең меңгермек.

Аружан Болатбаева, Бельгиядағы қазақ мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары:

Біздің ашқан мақсатымыз біз өз тілімізді балаларға таныстыру және Бельгиядағы достарымызға қазақ байлығымызды көрсету және осы орталықтың ішінде өзім қазақша сөйлесу клубын жүргіземін. Өйткені маған маңыздысы – біздің балаларымыз қазақ тілін ұмытпау.

Брайан Де Конинг, Брюссель тұрғыны:

Мен қазақ мәдени орталығының ашылғанына қатты қуанып тұрмын. Ұзақ күтіп едім. Анам қазақ болған соң қазақтың салт-дәстүрін ұмытпай, домбыра үйренгім келеді. Домбыраның үнін естісем, ғажап күйге бөленем.

Ұлттық бірегейлікті сақтауға арналған орталықтың ашылуына жиналған қазақстандықтар мен шетелдік меймандар қазақ тілінің әліппесімен танысып, «Тоғызқұмалақ», «Асық» ойнаудан өзара бәсекеге түсті. Құрақ құрау, текемет басудың қыр сырына қанығып, домбыра үйірмесінің алғашқы сабағына қатысты.

Лукас Брюссель қаласының тұрғыны:

Сәлем досым, менің атым Лукас. Мен қазақ күйін ғаламтордан естіп, ғашық болдым. Шауып бара жатқан аттар, ұлы даланы көзге елестетін Құрманғазының күйлерін, «Салтанат», «Көңіл толқыны» күйлерін ғаламтордан өзім үйренуге тырыстым. Қазақстан елшілігінде осындай орталық ашылды, домбыра үйірмесі болады дегенге қатты қуандым. Бұл маған шеберлігімді шыңдауға үлкен мүмкіндік.

Мәдени орталықта домбыра, қазақ тілін үйренуге қазірдің өзінде 40-тан астам адам жазылған. Кәсіби мамандар мен еріктілер қаңтардан бастап «Тоғызқұмалақ», «Шахмат» ойнау сынды түрлі үйірмелерді күшейтпек. Қазақ диаспорасы өкілдерінен бөлек орталықтың жұмысына Димаштың шетелдегі жанкүйерлері мен бельгиялықтар асырап алған қазақстандық балғындар да белсене ат салыспақ. Жат жұрттық болған 400-ден астам қаракөзіміз шыққан тегін, тілін, тарихын танып, Қазақстан мен Бельгия арасындағы достықты нығайтуға құштар.


Бөлісу