Басты Жаңалықтар Баланың тісін ұйықтатып емдеу қауіпті ме?

Баланың тісін ұйықтатып емдеу қауіпті ме?

«Балам стоматологтан қорқады». Осылай дейтін ата-аналар қазір баласының тісін ұйықтатып емдетуге көп жүгінеді. Бұл әдіс көбіне ерекше балаларға қолданылса, қазір маркетинг тұрғысынан да, сенім жағынан да кеңінен танылған,-дейді мамандар. Севоранмен емдеудің қауіпті тұстары бар ма? Ата-ана нені ескеруі қажет? Тілшіміз Айжан Иманғали зерттеп көрді.

Қала тұрғыны Гүлнұр Қайыржанова қызының тістерін екі рет севоран газымен ұйықтатып емдеткен. Соңғысында 4 тісін бірдей емдету үшін 3,5 сағат уақыт кеткенін айтады. Қалтаны қағатын қымбат емге еріксіз жүгініпті.

Гүлнұр Қайыржанова, қала тұрғыны:

Баламның диагнозы бар. Қызым аузын аштырмайды, мәжбүр болған соң қымбат болса да соған барамыз. Бірінші еміміз 400 мыңдай болды, екінші еміміз де сондай 420-450 мыңның шамасы болды.

Севоран - мемлекеттік ауруханалар мен стоматологиялық жеке клиникаларда хирургиялық операцияларда анестезия мақсатында қолданылады. Мемлекет тарапынан тегін емдету мүмкіндігі де бар. Бірақ бұл әдіс тек дамуында ерекшелігі бар балаларға қолданылады. Яғни диагнозды растайтын құжат қажет және кезекке тұруы шарт. Сондықтан ата-ананың көбі жеке клиникаларға жүгінуге мәжбүр. Оның өзінде бір ай бұрын анализ тапсырып, толық тексеруден өтуі керек.

Үміт Момышева, анестезиолог-реаниматолог:

Егер 2 жасқа дейінгі бала болатын болса, 3 сағатқа дейін севоранмен жұмыс істеуге болады. 5 жасқа дейінгі балаларға севоранмен 3-5 сағаттың арасында жұмыс істеуге болады. Мен өзім анестизиолог ретінде 6 сағат жұмыс істеуге қарсымын.

Анестезиолог маманы кей жағдайда екіге бөліп емдеуге кеңес береді. Бала өзіне келген соң 1 айдан соң қайта севоранға жүгінуге болады, өйткені ағзаға түскен газ 5-6 сағатта қайта шығып кетеді екен. Дәрілік заттың жағымсыз әсері жөнінде бірде бір ақпарат тіркелмепті. Десе де бұл әдісті қолдану тек тәжірибелі мамандарға рұқсат.

Әйгерім Дігәрбек, ҚР ДСМ Фармакологиялық қадағалау департаментінің сарапшысы:

Жалпы севоран дәрілік препаратын қолдану, бұл тәжірибелік анестезиолог мамандарға ғана рұқсат етілген және қолданатын кезде міндетті түрде тыныс алу жолдарын желдететін оксигенотерапия, реанимацияға арналған жабдықтар болуы керек. Қолдағы бар ақпаратқа сәйкес, севоран препаратына немесе севофуран белсенді затына қатысты жағымсыз әсері туралы ақпарат келіп түскен жоқ.

Севоранда өзге де дәрілік препараттарға тән гиперсезімталдық реакциясы, анафилактикалық шок сияқты күрделі жағымсыз әсері болуы мүмкін. Бас ауруы, бас айналуы да кездеседі. Мамандар дәрілік затты дұрыс қолданғанда ғана тәуекел тұстарын болдырмауға болатынын айтады.


Бөлісу