Балуандарымыз 5 медаль жеңіп алды
Токиода өтіп жатқан XXV Жазғы Сурдлимпиада ойындар аясында еркін күрестен сайыстар аяқталды. Біздің балуандар соңғы күні бес медаль жеңіп алды. Оның біреуі алтын, бір күміс және үш қола. 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Шадияр Пернеш Сурдлимпиада чемпионы атанды. Сонымен қатар, 57 келіге дейін салмақта финалға шыққан Ғабит Есжанов күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ құрама қоржынына үш қола медаль түсті: Алдымен 74 келіде Ғасыр Тұрғынбай украиналықты жеңсе, 86 келіде белдескен Сабыржан Рсалы грек балуанынан айласын асырып қола жүлдені еншіледі. Сонымен қатар Қайратхан Шонқу аса ауыр салмақта үндістандықты 12:1 есебімен жеңіп, сурдлимпиаданың үшінші орын иегері атанды. Әзірге Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан қоржынында 25 медаль бар. Оның ішінде 8 алтын, 4 күміс және 13 қола.
Ерназар Қонысбаев, Сурдо еркін күрестен Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы:
Бір алтын, бір қола аламыз деп мақсат қойдық. Бірақ алтын мен күмісті ойламаған жерден алдық. Оған 3 қола қосылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы