Басты Жаңалықтар «Silk Way Star» халықаралық ән байқауы мәресіне жетті

«Silk Way Star» халықаралық ән байқауы мәресіне жетті

«Silk Way Star» халықаралық мега-жобасы мәресіне жетті. Ауқымды ән байқауында 12 мемлекеттің өнерпазы бақ сынады. Бұл жай ғана тележоба емес, Жібек жолы бойындағы елдердің басын қосқан ортақ мәдени көпір. 2 айға созылған сайыста моңғолиялық Мишель Джозеф жеңімпаз атанды.

Жалпы биылғы қатысушылардың деңгейі, сахналық киім және live-band пен техникалық мүмкіндіктер жобаның беделін арттырғаны анық. Байқау барысында қатысушыларға арнап 500-ден аса образ дайындалған.

Мишель Джозефтің жеңісі – оның музыкалық жолындағы үлкен белес. Байқау басталғаннан-ақ өзінің жан-жақтылығын көрсеткен бойжеткен бірден көпшіліктің ықыласына бөленді. Даусы да, образы да өзгеше дарын иесі болашақта қазақстандық әншілермен дуэт жазуға ниетті екенін айтты.

Мишель Джозеф, «Silk Way Star» байқауының жеңімпазы:

Ең алдымен маған дауыс беріп, мені қолдаған жандарға алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Моңғолия бір біріне жат емес. Екі елдің тарихы мен мәдениеті ұқсас, бауырлас ел деп нық айтуға болады. Қазақтың тілі өте бай. Болашақта осы тілді толық меңгеріп, ән шырқау ойымда бар.

Silk Way Star – тек таланттар сайысы емес. Бұл – мәдени диалог. Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан елдерінің өнерпаздары талантымен талайды таңғалдырды. Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан мен Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея мемлекеттерінің әншілері де өзара достық қарым-қатынасты арттыруға ықпал етті. Ақтық сында Президент құттықтау сөзін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқып берді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Silk Way Star – мәдени дипломатияның айқын көрінісі, ұлттарымыздың салт-дәстүрі мен шығармашылығын паш ететін тамаша жоба. Осындай ауқымды іс-шаралар ынтымағымызды күшейтеді, ортақ құндылықтарымызды жан-жақты дәріптейді.

Жеңімпазды қазылар алқасы мен көрермен бірлесе отырып анықтады. Жалпы алыс-жақын елдерден 508 мың адам дауыс берген. Әлемдік стандартқа сай көпшілік өз жерлестеріне дауыс бере алмайды. Ортақ шешіммен отандасымыз Alem екінші орынды еншіледі.

Абай Мәлікұлы, Әлемнің әкесі:

Жалпы байқаудың таралымы да, қаралымы да өте жоғары болды, - дейді ұйымдастырушылар.

Еркежан Күнтуған, «Jibek Joly» телеарнасының басқарушы директоры:

Біздің жоба елдің ішінен тыс Қырғызстанның екі бірдей телеарнасынан көрсетілді. Әзербайжанның екі бірдей телеарнасынан көрсетілді. Моңғолияның екі бірдей телеарнасынан көрсетілді. Кешегі тікелей эфирдің өзі 5 бірдей мемлекетте тікелей эфирде өтті.

Аймақтағы ең ірі музыкалық шоу алдағы жылы Қытайда ұйымдастырылмақ.


Бөлісу