Басты Жаңалықтар Қазақстан дәрігерлері Ауғанстаннан оралды

Қазақстан дәрігерлері Ауғанстаннан оралды

Ауғанстанда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесуге барған қазақстандық дәрігерлер елге оралды. Миссия құрамында хирург, нейрохирург пен травматологтар бар. Медицина қызметкерлері 10 күн бойы жарақат алған азаматтарды емдеп қана қоймай тәжірибесін де бөліскен. Жедел медициналық бригада үш клиникада және Иран мен Пәкістаннан келген ауған отбасылары орналасқан босқындар лагерінде жұмыс істеді. Күніне 60-қа жуық адамға көмек көрсеткен. Дәрігерлердің айтуынша, апат болған аймақта жағдай қиын, медицинасы дамымаған, құрал-жабдық жоқтың қасы. Алдағы уақытта ауғанстандық дәрігерлер Қазақстанға келіп, біліктілігін арттыру мақсатында оқу курсынан өтіп,  жаңа технологиялармен таныспақ.

Айта кетейік, Ауғанстанға Президент тапсырмасымен гуманитарлық көмек те жіберілді. Оның ішінде 18 тонна дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар, шатырлар мен өзге де тұрмысқа қажетті заттар бар.

Олжас Бекарысов, Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры:

Көп зардап шеккен адам болды: асқынып кеткен сынықтармен, іріңдеген сүйектермен... Соның бәріне көмектестік. Ұнады әріптестерге, қызығып қарады. Мысалы, бірігіп операцияларға бардық. Жалпы біздің топ 40-тан астам операция жасады. Әр топ шамамен 100-ден аса науқасқа көмегін көрсеткен.


Бөлісу