Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрімен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрімен келіссөз жүргізді

Бүгін Мемлекет басшысы елімізге ресми сапармен келген Армения Премьер-министрін Ақордада қарсы алды. Алдымен протоколға сай ресми шаралар өтті. Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Мұнан соң тараптар жоғары деңгейде келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Пашинянның Қазақстанға алғашқы сапары екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін беретінін айтты. Ал Никол Пашинян қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Арменияға жасаған ресми сапарынан басталғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Аса құрметті Никол Воваевич, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. Бұл – Қазақстанға алғашқы сапарыңыз. Шын мәнінде қазақ халқы Армения жұртына, тарихына, салт-дәстүріне, мәдениетіне зор құрметпен қарайды. Сапар барысында бірқатар маңызды келісімге қол қойылады.
Никол Пашинян, Армения Премьер-министрі:
Аса құрметті Президент мырза, мені Қазақстанға ресми сапармен шақырып, Астанада қонақжайлық танытқаныңыз үшін алғыс айтамын. Бұл сапар біздің екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін береді. Қос мемлекет арасындағы ынтымақтың жаңа кезеңі Сіздің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарыңыздан бастау алды. Соның нәтижесінде маңызды келісімдерге қол қойылды. Оның кейбірі жүзеге асырылды, қалған бөлігі орындалу үстінде. Қазақстанға ресми сапармен келу – мен үшін зор мәртебе!


Бөлісу