Басты Жаңалықтар Кішкентай балалары бар ата-аналар үшін жұмыс күнін 1 сағатқа қысқарту ұсынылды

Кішкентай балалары бар ата-аналар үшін жұмыс күнін 1 сағатқа қысқарту ұсынылды

Енді әрбір жұмысшыға алған жарақатына сай әділ өтемақы алуына мүмкіндік жасалмақ. Осы мақсатта өндірістік жарақаттың дәрежесін анықтайтын бірыңғай қағида енгізілмек. Оның талабы қандай? Бүгін қарапайым жұмысшының құқығын қорғауға арналған жаңа заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралды. Бала күтімінде отырған әкелердің де құқығын қорғауды мақсат еткен заң жайлы Самал Қабышева толықтырады.

Бір жарақат – екі түрлі жауап. Жұмысшылардың ең көп шағымы да осында. «Жарақат бір болғанымен, әртүрлі бағаланады». Себебі өндірістік жарақатқа қатысты нақты стандарт жоқ. Зардабын қарапайым жұмысшы тартады. Әділетті төленуі тиіс өтемақысынан қағылады. Енді өндірісте жарақат алған адамдардың құқығын қорғау үшін нақты бірыңғай қағида бекітіледі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің дәрігерлер бір қаланы қарайтын болсақ, дәл осындай жарақатты ауыр деп тануы мүмкін. Басқа қалада басқа ауруханада дәл сондай жарақатпен барса, ауыр емес деп белгілеуі мүмкін. Зардап шеккен азамат тиісті  кепілдіктерін, әлеуметтік қаражаттарын ала алмай қалады. Енді бірыңғай әдістемені бекітеді. Сол әдістемені барлық дәрігер қолданады. Жарақат алған адам келетін болса, нақты критерийлермен, әділетті бір шешім шығады.

Жаңа заң жобасының тағы бір маңызды тұсы азаматтық-құқықтық шартқа қатысты болды. Көпшілік ГПХ деп атап кеткен. Яғни, мұндай шартпен жұмыс істейтіндер еңбек, жүктілікке байланысты демалысқа шыға алмайды. Оларға  зейнетақы жарнасы аударылмайды, медициналық сақтандыруы болмайды. Енді мұндай шартпен жұмыс істеуге тыйым салынбақ.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жұмыскер жұмыс тәртібіне бағынады, жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс істейді, бастығы бар, бірақ қағаз жүзінде ол «қызметкер» емес, «мердігер» болып саналады. Бұл неге қауіпті? Өйткені бұл ГПХ-да отырған жұмыскер әлеуметтік кепілдіктерден айырылады. Енді біз бұған нақты тосқауыл қоямыз. Егер қарым-қатынаста еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, онда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынады.

Құжатта шетел және жергілікті мамандардың жалақы бойынша айырмашылығын жою, бала күтімінде отырған жұмыссыз әкенің уақыты енді еңбек өтіліне қосу тұстары да қарастырылған. Сондай-ақ депутаттар кішкентай балалары бар ата-аналар үшін жұмыс күнін 1 сағатқа қысқарту және мүгедекті бар балалардың ата-анасына қосымша демалыс беру ұсынылды.

Самал Қабышева, тілші:  

Жұмысшының өзі кінәлі, техникалық талаптарды сақтамады. Енді өндірістік жарақат алған жұмысшыға осылай бар кінәні артып, өтемақысынан қағуға жол берілмейді. Яғни, жұмысшы кінәлі болса да, оның жауапкершілігі 25 пайыздан аспайды. Бұл норма жұмыс берушінің қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға ынталандырады деп сенеді Мәжіліс депутаттары. Жаңа заң жобасы екінші оқылымда әлі де талқыланады, толықтырулар енгізілуі мүмкін.


Бөлісу