Басты Жаңалықтар «Tesla Education» оқыту орталығы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

«Tesla Education» оқыту орталығы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

«Tesla Education» оқыту орталығы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүздеген миллион ақшасынан айырылған ата-аналар ұжымдық арызбен прокуратура мен полицияға жүгініп, қылмыстық іс қозғауды талап етіп жатыр. Бұл орталық оқушыны  ҰБТ-ға дайындаймыз деп,  алдын ала төлем жинап, бір-ақ күнде жабылып қалған. Салдарынан Астана және Алматы қалаларында мыңнан аса отбасы зардап шекті. Әрқайсысы 500 мыңнан екі миллион теңгеге дейін төлем жасап қойған.

Динара Бекболатова, зардап шегуші: 

Менің балам бар, қызым жоғарғы оқу орнына түссін деп, ҰБТ-ға дайындалып, біз еріккеннен беріп отырған жоқпыз. 540 мың теңге, айына 45 мың теңге төлеп отырмыз, баланың аузынан жырып, енді қазір оның барлығын  кім бізге қайтарады? Ол кісі қашып кетсе, шетел асып кетсе, ақшаны кім қайтарады?

Болат Кетпенбаев, Астана қаласы Есіл аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп–тексеру басталды. Полицияға «Tesla Education» орталығында оқитын балалардың ата-аналары мекеме басшылығының алаяқтық әрекеті туралы айтып, ұжымдық арызбен жүгінді. Бүгінгі күні осындай сипаттағы 97 арыз тіркелді. Тексеру жүргізіліп, болған оқтиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Қазақстанда қосымша білім беретін осы сияқты мекемелерге лицензия міндеттелмейді. Олар өз қызметін жеке кәсіпкер ретінде жүргізеді. Оқу-ағарту министрлігі  оны реттеу біздің құзыретімізге жатпайды деп жауап берді. Енді ата-аналар жауапты органдардан әділ шешім күтеді.

Бөлісу