Басты Жаңалықтар Елімізде алғаш рет жылжымалы жол зертханасы іске қосылды

Елімізде алғаш рет жылжымалы жол зертханасы іске қосылды

Қазақстанда алғаш рет жол жағдайын цифрлық форматта тексеретін жылжымалы зертхана іске қосылды. Ол  жасанды интеллект арқылы жол бойындағы барлық қауіп-қатерді анықтап әрі соған нақты инженерлік шешім ұсынады.  Жаңа инновациялық жүйе бүгін елордада өткен XXI халықаралық «KazTraffic-2025» көрмесінде таныстырылды. Саладағы цифрлық өзгерістер жайлы Ернұр Медет баяндайды.

Сырт келбеті кәдімгі автокөлік сияқты көрінгенімен, ішінде тұтас талдау орталығы орналасқан. Жүйткіп бара жатып-ақ, жолдың жағдайын толық тексере алады. Камера, сенсорлар, өлшеу құралдары – бәрі бір жүйеге біріктірілген.  Ой-шұңқырды, көзге көірнбейтін белгі мен қауіпті бұрылыстарды бірден байқайды.

«Қазжол ҒЗИ» мамандарының айуынша, бұл - тек көзбен шолып тексеруден қарағанда  дәл өлшемдерге негізделген бағалауға көшудің бастамасы. Жиналған деректер GPS арқылы картаға түсіріледі. Осылайша қай аймақта қауіп бар, қай жерде жол сапасы төмен бәрі - нақты көрсетіледі.

Мәди Қалиақпаров, ҚР Көлік және логистика вице-министрі:

Қазір біз жол саласына жаңа инновацияларды енгізіп жатырмыз. Трассадағы қауіпсіздікті қадағалау үшін жасанды интеллект көмегіне жүгініп жатырмыз. Асфальт сапасын арттыру үшін де жаңа қоспалар шығып жатыр. Биыл көктайғаққа қарсы экореагент, битумның сапасын арттыратын бірегей әзірлемелер жасалды.

Бүгінгі көрмеде 10 шақты елден келген  200-ден аса компания өз жаңа технологияларын ұсынды. Жол салу барда оны күтіп ұстау бар екені белігілі. Бұл бағыттағы жұмыстар да жанданып жатыр.

Ернұр Медет, тілші:

Астанадағы барлық тазалық техникасына цифрлық жүйе орнатылған. Мәселен, мінекей, дәл қазір 241 көлік қала ішін тазалап жүр. GPS арқылы олардың қай аумақта не істеп жүргенін көруге болады. Сондай-ақ  әрқайсысына жасанды интелектіге негізделген видеотерминалдар қойылған. Ол арқылы жүргізушінің жолда ұйықтап кетпеуін, ережені бұзбауын, жалпы, жұмыс барысын автоматты түрде бақылауға мүмкіндік бар.

Дастан Мұсабеков, «Астана тазалық» ЖШС транспортты бақылау бөлімінің басшысы:

Біз цифрлық режимге түбегейлі көштік. Замануи құралдардың көмегімен қызметкерлердің күнделікті медтексеруден өткені автоматты белгіленеді. Сондай-ақ жұмысты қаншалықты сапалы атқарғанын бақылаймыз. Себебі  бұл - жолды дер кезінде тазалау ғана емес, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету. Асфалтті бүлдірмей, тұрғындарға кедергі келтірмей, аумақты тазалау басты міндет.

KazTraffic-2025 Қазақстандағы жол инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жаңа әріптестік жобаларға жол ашады. Мұнда отандық әрі халықаралық компаниялар өз техникалары мен цифрлық платформаларын ұсынады. Қауіпсіздік пен сапаны басты бағдар етіп ұстанған конференция тажірибе алмасуға арналған таптырмас алаң.

Бөлісу