Пеш жаққан кезде өрттен қалай сақтану керек?
Төтенше жағдай қызметкерлері жылыту маусымының алдында еліміз бойынша тексеріс жүргізіп, 30 мыңнан астам пештен ақау тапқан. Мамандар тұрғын үйлердегі өрттің басым бөлігі жылу және электр жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуінен болады деп отыр. Құтқарушылар қазіргі таңда жер-жерде бақылауды күшейтіп, улы газдан қорғайтын дабыл құрылғыларын орнатып жатыр.
Дамир Нұрмұхамет, тілші:
Жылыту маусымы басталғанда пеш жағылатын үйлерде өрт қауіпі жоғарылайды. Оқиғаның негізгі себебі - мұржаның уақытылы тазаланбауы, пештің дұрыс орнатылмауы және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі. Сондықтан мамандар қауіптің алдын алу үшін алдымен екі айда бір мұржаны тазалап тұру керектігін айтады.
ТЖ қызметкерлерінің айтуынша, тұрғын үйлердің көбінде қарапайым қауіпсіздік ережелер сақталмайды. Жылыту маусымы басталмастан бұрын әрбір үй иесі электр сымдарын тексеріп, мұржаны уақытылы тазалауы керек дейді. Сондай-ақ жанғыш заттарды пештің жанына қоймау керектігін тағы ескертеді.
Еламан Әубәкіров, Жетісу облысы ТЖД мемлекеттік өрт басқармасының аға инженері:
Пештің үстіне ешқашан киімдерді жаюға болмайды. Мынандай қазан, шәугімді де қалдыруға болмайды. Ол да өртке бір себеп болуы мүмкін. Және алдына ағаш, көмірді қоюға болмайды. Шоғы тиетін болса, өрт пайда болады. Мына плитаның жарылғанын көрдіңіз бе? Жылыту маусымы басталмас бұрын пешті әктеп, сылап дайындау қажет.
Өрт шыққан жағдайда бірден 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалып, мекенжайды айтыңыз. Құтқарушылар келіп жеткенше жақындарыңызды қауіпсіз аймаққа шығару қажет. Сақтық шараларын күшейту мақсатында үйге дабыл құрылғысын орнату да маңызды. Ол түтінді ерте анықтап, қауіпті жағдайдың алдын алуға сеп болады.
Еламан Әубәкіров, Жетісу облысы ТЖД мемлекеттік өрт басқармасының аға инженері:
Халыққа өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Тек рейдтік шаралар емес, БАҚ арқылы да хабардар етіп жатырмыз. Өрт анықталса, бірінші саспаңыз. Одан кейін 101, 112 нөміріне хабарласып, аты-жөніңізді, мекенжайыңызды толықтай бәрін айтыңыз.
Мамандар жылыту маусымы аяқталғанға дейін рейд жалғасатынын айтады. Өрт қауіпсіздігі - әр азаматтың жауакершілігі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы