Басты Жаңалықтар Несиені уақытылы төлей алмаған жағдайда не істеу керек?

Несиені уақытылы төлей алмаған жағдайда не істеу керек?

Елдегі әрбір екінші тұрғынның несиесі бар. Ал 1,5 миллион адамның шоты қарызын төлемегені үшін бұғатталған. Несиені уақытылы төлей алмаған жағдайда не істеу керек? Ережеге сәйкес, тұрғын 30 күн ішінде банкке не микроқаржы ұйымына несие шарттарын қайта қарау жайлы өтінім жаза алады.

Самал Қабышева, тілші:

Несиені уақытында төлей алмай жатырсыз ба? Қаржылық жағдайыңыз қиындап кетті ме? Банк, микроқаржы ұйымы болсын, несиені  алған жерге жағдайыңызды түсіндірдіңіз, құжаттарыңызды көрсеттіңіз, дәлелдедіңіз, бірақ еш нәтиже болмады ма? Мұндай жағдайда банк омбудсманына шағым жазу керек.  Банктердегі қарыздар бойынша  bank-ombudsman.kz  сайтына кіріп, өтініш бересіз.  Ресми сайт Қазақстан банк омбудсманы деп аталады. Өтініш беру жолы қарапайым. Сайтта WhatsApp арқылы жазу, өтініш беру, қабылдауға тіркелу батырмалары тұр. Омбудсманға несиенің шарт пен төлемдер кестесін, банкке қарызды өтей алмайтыныңыз жөнінде жүгінгеніңізді дәлелдейтін құжаттарды  және  олардың жауабын, қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттарды қоса беру қажет. Ал қарызды микроқаржылық ұйымнан алсаңыз, mfombudsman.kz сайтына шағым қалдырасыз. Бұл жерде де омбудсманға көрсетілген құжаттарды тапсырасыз. Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми мәліметінше, омбудсмандардың қызметі тегін. Олардың шешімдері орындалуға міндетті. Омбудсмандар қарыз алушы мен кредитор үшін өзара қолайлы шешімді табуға көмектеседі. Бірақ есте сақтаңыз. Омбудсманға өтінішті тек кредиторға ресми жүгініп, олардан жауапты алғаннан кейін ғана  беруге болады. Ал банк, микроқаржы ұйымдары сіздің несиені төлей алмайтыныңыз жөніндегі өтінішіңізді 15 күн іщінде қарап, өз жауабын беруге тиіс. Ал қарыз алушының борышты өтеуге мүлдем мүмкіндігі болмаса, банкроттық рәсімге өтініш бере алады. Ол үшін қарыз көлемі  1600 АЕК-нен, бұл шамамен 6,2 млн теңгеден аспауы керек. Сататын мүлкі болмауы тиіс, 12 ай қатарынан қарыз төленбеген және соңғы 7 жылда банкроттық рәсімінен өтпеген болуы қажет. Банкроттық рәсімге өтініш беру тегін.  eGov.kz порталы немесе ХҚКО арқылы беріледі. Бірақ банкроттықтың салдары бар. 5 жыл несие мүлдем берілмейді. Және өзін банкрот деп жариялағаннан адамның  3 жыл   қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.


Бөлісу