Басты Жаңалықтар Елімізде онлайн-транзакциялар көлемі 10 есе артқан

Елімізде онлайн-транзакциялар көлемі 10 есе артқан

Соңғы бес жылда елімізде қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемі 10 есе артқан. Осылайша онлайн төлемнің үлесі айтарлықтай ұлғайып, 90 пайызға жетіп отыр. Барлық операция жедел әрі кідіріссіз жұмыс істеді, - дейді Ұлттық банк төрағасы. 9 айдың ішінде жалпы транзакциялар көлемі 1 квадриллион теңгеден асқан. Алматыда өтіп жатқан Central Asia Fintech Summit форумында тағы не айтылды? Келесі материалда.

Форумда Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов клиентті онлайн сәйкестендіруден бастап банк шотын ашу, несие рәсімдеу, төлем жасау және мемлекеттік қызметтер алу сынды қаржылық қызметтер цифрлық форматта қолжетімді екенін атап өтті. Ұлттық банк базасында ай сайын шамамен 4 миллион өтінішті өңдейтін биометриялық сәйкестендіру сервисі жұмыс істеп тұр.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

Цифрлық активтер қаржы жүйесінің толыққанды бөлігіне айналуға тиіс. Оларды дұрыс әрі тиімді біріктіру оңай емес. Біз бөлек немесе параллель нарық құруды көздемейміз. Оны бұрыннан бар қаржы жүйесіне біртіндеп интеграциялауды басшылыққа алып отырмыз. Бұл ретте ашықтық, сенімділік және қадағалаудың бірыңғай стандарттарын сақтаймыз.

Жыл аяғына дейін цифрлық активтерді айналымға енгізуге, токендеу мен цифрлық қаржы активтерінің айналымын жолға қою үшін заңнамаға өзгеріс енгізу жоспарланған. Токендеу мен стейблкоинге қатысты 15 жоба сынақтан өтіп жатыр. Саммит аясында «жасыл токен» жобасы да таныстырылды. 

Берік Шолпанқұлов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

Жасыл токен – бұл экологиялық тұрақтылықты арттыруға, қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға және энергия тиімділігін жоғарылатуға бағытталған жобалармен байланысты цифрлық актив. Кәдімгі инвестициялық токендерден айырмашылығы – ол қаржылық табыстылықты экологиялық әсермен ұштастырып, тұрақты дамуға үлес қосады.

Саммит кезінде бірыңғай QR-код арқылы төлем жасау жүйесі де іске қосылды.Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алдағы 5 жылға арналған қаржы реттеушілерін цифрландыру стратегиясын бекіткенін хабарлады. Бұл құжат екі орган қолға алған барлық цифрлық бастаманы біріктіріп, Қазақстандағы цифрлық қаржы саласын одан әрі дамыта түспек.

Бөлісу