Басты Жаңалықтар Алматыда баспана бағасы қымбаттап барады

Алматыда баспана бағасы қымбаттап барады

Алматыда баспана бағасы қымбаттап барады. Жаңа пәтердің шаршы метрі 650 мың теңгеге бағаланса, екінші нарықтағы тұрғын үй құны 678 мың теңгеге жетті. Мегаполис халқы жалға алу құнының шарықтап жатқанын да айтады. Бұған не себеп? Пәтерді жалға аларда немесе сатып алу кезінде нені ескеру керек?

Баспана бағасы өсе қалса, тұрғындардың қалтасына салмақ түседі. Шеткі аудандарда бір бөлмелі пәтердің жалға алу құны 150 мың теңгеге жуықтаса, орталықта бұл баға 700 мың теңгеден асып жығылады.

10 жылдан бері риелторлық қызмет атқаратын Шолпан Абакова қараша айында жалға алу құны тұрақтағанын айтады. Себебі, сұраныс азайған. Мәселен, күз айларында орта есеппен 30 адамға қызмет көрсетсе, өткен айда 15 адамға ғана пәтер ұсыныпты. Маман «Баспананы жалға аларда бірнеше ережені ұстансаңыз, ұтылмайсыз», - деп кеңесін ұсынды.

Шолпан Абакова, риэлтор:

Тыныш районда 20-30 пайызға арзанырақ болады. Қасында метро жақын болуы керек. Бір бөлме емес «Евро двушка» іздеу керек. Ас үй студиясы секілді. Бағалары 1-2 бөлмемен бірдей болады. Риэлтормен бізге өтініш түскен кезде нақты бюджетіңізді айтуыңыз керек. Біз қай районнан және қай бағада тауып беретінімізді білеміз.

Жалға алудан бөлек, пәтер сатып алу бағасы да өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросы биыл жаңа үй 12,5 пайызға, ал екінші нарықтағы баспана 10,2 пайызға қымбаттағанын хабарлады. Сарапшылар бұған ұлттық валютаның әлсіреуі мен инфляция әсер еткенін айтады. Соған қарамастан, тұрғын үй саудасы бәсеңдемей тұр: қазан айында 40 мыңнан астам пәтер сатылып, оның 8 мыңы Алматыға тиесілі. Дегенмен мамандар келер жылы сауда-саттық төмендеуі мүмкін екенін болжап отыр.

Нина Лукьяненко, Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі:

Келер жылы тұрғын үй нарығы тұрақсыз болуы мүмкін. Себебі салық жүйесі мен ережелер әлі нақтыланбады. Тағы бір ескеретін жайт — құрылыс компанияларына қойылған талаптар күшейе түсті. Сондай-ақ тұрғындардың табысы да азаюы ықтимал. Сәйкесінше, пәтер саудасы айтарлықтай төмендейді.

Мамандар баспана іздегенде алдымен нарықты бірнеше ай бақылап, банктер мен құрылыс компанияларының ұсыныстарын салыстыруды ұсынады. Ең бастысы - асығыстық танытпай, әр шешімнің тәуекелін алдын ала саралап алған жөн.

Бөлісу