Басты Жаңалықтар Брюссельде Берлин еуразиялық клубының 44-отырысы өтті

Брюссельде Берлин еуразиялық клубының 44-отырысы өтті

Еуропалық Одақ Қазақстанмен транзит, көлік қатынасын нығайтып, «Транкаспий» халықаралық көлік маршруты арқылы алыс-берісті арттыруға ниетті. Брюссельде өткен Берлин Еуразиялық конференциясының 44-отырысында тараптар екіжақты қатынасты нығайтудың жолдарын талқылады. «Орта дәліз және жаһандық қақпа» деген атпен өткен шараны еліміздің Германия мен Бельгиядағы елшіліктері бірігіп ұйымдастырды. Басқосуға ЕуроОдақ өкілдері, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты.

Қазақстан ЕуроОдақпен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Он жыл бұрын бекітілген келісім бойынша қос тарап 29 сала бойынша ынтымақты бекемдеп келеді. Көлік-логистиканы дамыту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі аясында ынтымақты күшейтуге қос тарап та мүдделі. Орталық дәліз Қытайдан Қазақстан, Әзербайжан, Грузия арқылы Еуропаға тауар тасымалдаудың таптырмас алаңы. Дәл осы бағытпен еуропалықтар да өзінде барды Азия нарығына шығарады.

Питер Тилс, Берлин еуразиялық клубының кеңесшілер кеңесінің төрағасы:

ЕуроОдақ «Глобал гейтуей» бастамасы аясында Орта дәліз жұмысын күшейтуге ынталы. Себебі Қазақстандағы сирек кездесетін металдар, басқа да стратегиялық ресурстарды өндіріп, өңдеу үшін Еуропа елдері Орта дәлізді жандандыруға мүдделі және бұл жобаға техникалық, қаржылай қолдау көрсетпек.

ЕуроОдақ Транскаспий көлік дәлізін дамытуға 20 млрд еуро бөлмек. Осыны мәлімдеген еліміздің Бельгиядағы елшісі Роман Василенко еуропалық институттарды «Орта дәлізде» кездесетін кедергілерді жоюға бағытталған жобаларды бірігіп жүзеге асыруға шақырды. Қазір Транскаспий көлік бағытымен жылына 6 млн тонна жүк тасымалданып отыр. Қазақ үкіметі алдағы екі жылда оны 10 млн тоннаға жеткізбек. Басқосуда тараптар энергияның баламалы көздерін дамыту мәселелерін де сөз етті.

Сергей Лагодинский, Еуропалық Парламент депутаты:

Біз Қазақстанмен жасыл технологиялар, энергияның баламалы көздерін дамытуға қажетті батарея, жасыл сутегі өндірісі және цифрландыру бойынша ынтымақты күшейтуге ниеттіміз. Қазақстанда мықты айти мамандар көп, біз солардың әлеуетін пайдалануымыз керек. Сондай-ақ біз ЕуроОдақта ғарыш технологиясын дамыту бойынша заң қабылдамақпыз. Осы ретте ғарыш айлағы бар Қазақстан біздің басты серіктесіміз бола алады.

ЕуроОдақ Қазақстанның 2060-жылға қарай көміртегінен арылу жобасын қолдайды және өзінің осы саладағы озық тәжірибесімен бөлісуге дайын. Көмірсутектен бас тартып, жасыл энергияны дамытуды көздеген қарт құрлық елдері Қазақстанмен сирек кездесетін металдарды өндіріп, өңдеу бойынша ірі жобаларды іске асыруға да құлшынып отыр.


Бөлісу