Басты Жаңалықтар Соңғы 5 жылда Транскаспий көлік бағытындағы жүк тасымалы 6 есе артқан

Соңғы 5 жылда Транскаспий көлік бағытындағы жүк тасымалы 6 есе артқан

Соңғы 5 жылда Транскаспий көлік бағытындағы жүк тасымалы 6 есе артқан. Цифрландырудың арқасында логистика саласындағы жұмыстар жеңілдеп келеді. Бүгінгі Еуразиялық экономикалық форумда Транскаспий халықаралық көлік бағытының қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Соңғы бес жылда осы бағытпен тасымалданған жүк көлемі 800 мың тоннадан 4,5 миллион тоннаға дейін өсіп, шамамен 6 есеге артқан. Логистиканы цифрландыру жүк тасымалын жеделдетіп, қағаз құжат айналымын азайтты. Кедендік рәсімдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Қазір шекарадағы бірқатар процесс автоматтандырылған. Сондай-ақ жүк қозғалысын онлайн бақылау жүйелері енгізіліп жатыр. Бүгінде Қазақстан арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның ішінде 5 теміржол және 8 автомобиль бағыты бар. Бұл елдің Еуропа мен Азия арасындағы негізгі құрлықтық транзиттік торап ретіндегі рөлін күшейтіп отыр.

Андрей Слепнев, Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі министрі:

Біріншіден, Транскаспий дәлізі қауіпсіз аймақта орналасқан. Қазіргі таңда қауіпсіздік өте қымбат ресурсқа айналды. Екіншіден, құрлық жолдары жылдам. Әрине мұнда шекаралар, теміржол инфрақұрылымы секілді өзіндік ерекшеліктер бар. Бірақ дәл осы мәселелерді шешуде цифрландыру үлкен мүмкіндік береді. Бүгін біз жасанды интеллект мүмкіндіктерін де кеңінен талқыладық. Оның әлеуеті расында орасан. Мысалы, келісімшарт жасау үдерісі айтарлықтай жеделдеп келеді. Қазірдің өзінде «жаппай контракт жасау» деген ұғым пайда болды. Яғни стандартты мәмілелер бойынша келісімдер адамның тікелей қатысуынсыз-ақ рәсімделіп жатыр.


Бөлісу