Еуразиялық логистикалық хаб құрылысы басталды
Оралда Еуразиялық логистикалық хаб құрылысының іргетасы қаланды. Бұл – еліміздің өндірістік әлеуетін арттырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды инвестициялық жоба. Өңірде соңғы үш жылда 2,3 триллион теңге инвестиция тартылған.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Орал өңірі – транзиттік дәлізді дамытуға таптырмас аймақ. Қытайлық компанияның таңдауы Ресейдің 5 облысымен шектесетін өлкеге түсіп, логистикалық хабтың құрылысын бастады. 20 гектар аумақта жүкті сақтауға арналған қоймалар, қонақүй салынады. Инвестициялық жоба құны – 24 млрд теңге.
Хэ Хуйа, Jinone Excellence Investment ЖШС компаниясының өңірлік өкілі:
Батыс Қазақстан облысын таңдауымыз тегін емес. Өйткені өңірдің Ресеймен байланысы берік. Әрі Оралдың логистикалық орналасуы да ыңғайлы. Бұл хаб «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының аясында салынып жатыр. Мұнда тек логистика емес, болашақта өндірісті де жолға қоймақпыз.
Логистикалық кешенде болат конструкциясын шығаратын өндіріс орны, құрылыс қалыптарын өндіретін кәсіпорын, кабель зауыты іске қосылмақ. 500-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, Kazakh Invest ҰК АҚ басқарма төрағасы:
Ресей мен Қытай, Қазақстан, Еуропа арасындағы ең үлкен Ресейге жақын логистикалық хаб болып саналады. Жалпы жоба көлемі - 130 млн доллар. Осы жоба саудаға, логистикаға, өндіріске оң серпінін береді деп сенеміз.
Жоба құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Азия мен Еуропаны жалғайтын көлік дәлізі жаңа заманауи өңірлік логистикалық орталыққа айналмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы