Басты Жаңалықтар Жас отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар көбейеді

Жас отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар көбейеді

Елде жас отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарлама көбейеді. Бүгін Мәжіліс арнайы құжатты мақұлдады. Одан бөлек бірыңғай экологиялық деректер жүйесі құрылуы мүмкін. Сондай-ақ  депутаттар жол қауіпсіздігі,  машина жасауға қатысты құжаттарды талқылады. 

Кадр тапшы өңірлерге қоныс аударғандар мемлекеттен көмек алады. Мәжілісте көші-қон саясаты жөнінде заң бірінші оқылымда мақұлданды. Үкімет қазіргідей жұмыссыздарға ғана емес, жас отбасылар, табысы төмен азаматтарға да өзге өңірлерден жұмыс тауып беріп, үй-жайын реттеуге көмек береді. Заң аясында арнайы бағдарламар жасақталады.

Есбай Амангелді, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазіргі қолдау шараларының тар ауқымы кеңейтіліп, тек жұмыссыз азаматтармен шектелмей, өзге де мақсатты топтардың бағдарламаға қатысуына жағдай жасалады. Бұл жерде айта кететін жайт, бұл бастамалар мемлекет қазынасына ешқандай қосымша салмақ салмайды.

Экологиялық мәселелер туралы заң бірінші оқылымда мақұлданды  

Енді рұқсат етілмеген жерде үйілген қоқыстың жиналуын компаниялар мен коммуналдық қызметтер емес, жергілікті әкімдік бақылауда ұстайды. Қалдықтарды сұрыптау және тасымалдау тарифтерін де өздері белгілейді. Мәжіліс экологиялық мәселелер туралы заңды да бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттағы нормалардың бір парасы – «Қазгидрометтің» жұмысына қатысты. Депутаттар ұлттық гидрологиялық қызмет бюджетке салмақ түсіріп отыр, дейді. Сондықтан бұдан былай «Қазгидромет» қосымша табыс таба алады.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Арнайы ақпарат ұсыну, ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстар мемлекеттік монополиядан шығарылып, бәсекелі негізде жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде «Қазгидрометке» бюджеттен тыс қосымша табыс табуға мүмкіндік береді және республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтады.

Жол қауіпсіздігі туралы заң екінші оқылымда мақұлданды

Машина жасау туралы заң да талқыланды. Бұрын шетелдік зауыттар көлікке, автобусқа қажет құрылғыларды өзге мемлекеттен әкелетін. Енді олар өндірісін өрлеткісі келсе, қазақстандық құрылғылардың үлесін көбейту керек. Бұдан соң депутаттар жол қауіпсіздігі туралы заңды да қарады. Құжат күшіне енсе, елде автомектеп ашу оңайға соқпайды. Бұрын еговтан рұқсат алу жеткілік еді. Бұдан былай оқытушылардың біліктілігі, көліктердің жай-күйі тексеріледі.

Бөлісу