Басты Жаңалықтар Цифрлық деректер енді жеке мүлік болып саналады

Цифрлық деректер енді жеке мүлік болып саналады

Цифрлық деректер енді жеке мүлік ретінде саналады. Яғни жеке фотосуреттер, бағдарламалық код, тіпті әлеуметтік желідегі аккаунт та заңмен қорғалатын меншік санатына енгізілмек. Бүгін еліміздегі онлайн кеңістікке құқықтық мәртебе беретін алғашқы заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Ел тұрғындарының электронды өмірін реттейтін кешенді құжат жайлы Ернұр Медет баяндайды.

Қарапайым тілде түсіндірсек, инстаграмдағы парақша, ондағы фотолар мен видеолар, тіпті  онлайн ойындардағы профиль немесе виртуалды заттар - бәрі  тұлғаның жеке мүлкі деп танылады. Енді біреу сіздің осы жеке мәліметтеріңізді рұқсатсыз қолданса, бұл менің меншігім деп сотқа бере аласыз. Тіпті, оларды сатуға, мұраға қалдыруға құқыңыз бар.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кодекс 10 тараудан тұрады. Жоба цифрлық ортада жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. «Цифрлық дәлелдер» ұғымы бізде алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл оларды азаматтық құқықтық қатынастар мен сот процестерінде пайдалану мүмкіндігін ашады. Бұл сандық жазбаларды, журналдар мен транзакцияларды заңдық маңыз бар көздер ретінде тануға мүмкіндік береді.

Бүгінде 1300-дей мемлекеттік қызмет онлайн форматта көрсетіледі. Оларды алу үшін немесе құжаттарға қол қою үшін электронды цифрлық қолтаңбаңыз болса жеткілікті. Сондай-ақ жеке тұлғаны растау жүйесі күшеймек. Енді азаматтар саусақ ізі, бет бейнесі, дауыс сияқты биометриялық әдістермен өздерін растай алады. Бұл бастама жеке мәліметтердің қолды болмауын  қадағалайды.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Алаяқтыққа байланысты біз биометриялық деректерді негізі реттеуду қарсстырып отырмыз. Платформалар, мобильдік қосымшалар арқылы қызметтер көрсетіледі. Ол жерде азаматтардың деректері бар. Сол  деректерді қорғауға олар міндетті болады осы цифрлық кодекс арқылы.

Жалпы, жаңа кодекс - цифрлы Қазақстанның құқықтық іргетасы. Ол деректердің қауіпсіз айналымын қамтамасыз етіп, азаматтардың онлайн кеңістіктегі құқықтарын қорғайды. Ең бастысы - енді  бұл сала заңмен реттеліп, онлайн және офлайн өмірдің арақатынасы алғаш рет нақты заңдық негізге ие болмақ.

Бөлісу