Басты Жаңалықтар Жетісу асылы: Талдықорғанда ерекше ақбоз жылқылар өсірілуде

Жетісу асылы: Талдықорғанда ерекше ақбоз жылқылар өсірілуде

Талдықорғандық Александр Софин 26 жылдан бері көздері шағыл, ақбоз аттарды өсіріп келеді. Ол қазақы жылқы тұқымына «Жетісу асылы» деген атау берген. Бүгінде қылқұйрықтылардың саны 750-ге жетіпті. Фермер ерекше жануарларды өңірдің жаңа брендіне айналдыруды армандайды.   

Дамир Нұрмұхамет, тілші:

Мен «Lexus»-те отырмын. Бірақ тақымымда сіздер ойлаған темір тұлпар емес, «Lexus» атты сәйгүлік. Жасы 20-ға таяған. Бұл оның камера алдына да алғаш шығуы емес. Бұған дейін ақбоз атты Ақан Сатаевтың «Томирис» кинофильмінде каскадерлер күрделі сахналар үшін қолданған.

Александр Софин мұндай ақбоз аттарды арнайы ауқымды мәдени  шаралар мен кинофильмдер үшін күтіп баптайды. 26 жылдан бергі кәсібі осы. Ақбоз жылқы әдетте табиғатта сирек кездесетіндіктен, жылқышы оларды көбейтіп, қазақы жылқы тұқымының жаңа түрін өсіруді мақсат еткен.

Александр Софин, шаруа қожалықтың иесі:

1999 жылы бір ғана жылқымен бастадым. Көпшілігі табиғатта ақ жылқы кездеспейді деген соң соларға дәлелдеу үшін ақбоз аттарды өсірдім. Бірнеше жылдың ішінде үлкен нәтижеге қол жеткіздім.

Фермер ақбоз аттарды Жетісудың жаңа брендіне айналдырғысы келеді.  Сол арқылы өңірдегі туризмнің дамуына өз үлесімді қоссам дейді. Алайда соңғы екі жылда ешқандай ұсыныс болмаған соң, қазір жылқыларды сатуға мәжбүр.

Александр Софин, шаруа қожалықтың иесі:

Мәдени шаралар үшін жылқыларды күтіп баптау қиынға соғады. Барлық табысым жем-шөбінен артылмайды. Қазір қолымды бір сілтеп, ет сатумен айналыссам деймін. Алайда қазақы жылқы тұқымын жойып жіберуге болмайды ғой. Қолым бармайды. Мемлекеттен көмек алған жоқпын. Өзім де сұрамадым.

Қазір жылқыларды қолға үйретумен фермердің қызы Маргарита Сафина айналысады. Ол небәрі 14-те. 6 жасынан бастап ауыздықтап асау мінеді.  Арманы – өзі баптаған ақбозаттарды үлкен экраннан көру.

Маргарита Сафина, Александр Софиннің қызы:

Мұның есімі - Пират. Жасы 4-те. Маусым айында мініске үйреттім. Ал мынау - «Жауынгер». Әлі де жуасыту керек. Менен басқасын мінгізбейді. Мен өз жылқыларымды кинофильмдерден көргім келеді.


Бөлісу