Басты Жаңалықтар Түркияда әскери ұшақ құлады

Түркияда әскери ұшақ құлады

Мемлекет басшысы Түркия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. Ол Түркия қарулы күштері ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көптеген адамның қайтыс болғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдағанын жеткізіп, Президент Режеп Тайип Ердоған мен бауырлас түрік халқына көңіл айтты.

Кеше кешкісін Түркияның С-130 әскери жүк ұшағы Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшырады. Әзербайжаннан ұшып шығып, Түркияға бет алған ұшақ Грузияның Кахети аймағындағы таулы жерде құлаған. Түркия Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бортта экипаж мүшелерінен бөлек 20 әскери болған. Олардың барлығы апатта қаза тапты. Қазір грузиялық құтқарушылар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Түркиялық құтқарушылар да апат аймағына қарай жолға шықты. Куәгерлердің айтуынша, ұшақ аспаннан бөлшектеліп құлаған. Әзірге апаттың нақты себебі белгісіз.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

Грузия мен Әзербайжан шекарасында әскери ұшағымыздың апатқа ұшырағанын терең күйзеліспен қабылдадым. Апат болған аймақтағы құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін тиісті мемлекеттік органдармен әрдайым байланыстамыз. Ұшақ апатынан қаза болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтамын.
 

Бөлісу