Басты Жаңалықтар 100 тоннаға жуық алтыны бар 5 жаңа кен орны табылды

100 тоннаға жуық алтыны бар 5 жаңа кен орны табылды

Қазақстанда қойнауында 100 тоннаға жуық алтыны бар 5 жаңа кен орны табылып, есепке алынды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі айтты. Оның сөзінше, геологиялық барлау қорытындылары бойынша алтын қоры 98 тоннаға, мыс қоры 36 мың тоннаға, марганец 11 миллион тоннаға және фосфорит қоры 1,3 миллион тоннаға артқан. Бүгінде Қазақстанда шамамен 10 мың кен орны мен 103 түрлі пайдалы қазба түрі есепке алынды. Ендігі меже – елдегі барланған жер қойнауы көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу. Қазір 2 млн 14 мың шаршы шақырым аумақ толық зерттелген. Жыл соңына дейін бұл көлем 2 млн 38 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайтылады. Өндірістік тұрғыда әлеуеті бар аумақтарды ерте анықтау және барлау тиімділігін арттыру мақсатында зерттеу неғұрлым нақты масштабта, яғни 1-50000 масштабында жүргізілмек.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді маңызды міндет ретінде айқындады. Саланың дамуы еліміздің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға ықпал етеді. Осы орайда барланған жер қойнауының көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл міндет келесі жылы орындалатын болады.
Бүгінде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы құрылды. Аталған платформа лицензияны автоматты түрде беруге және міндеттемнің орындалуына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 3,5 млн-ға жуық бастапқы геологиялық ақпарат цифрландырылды. Бұрын олар дәстүрлі қағаз нұсқада, магниттік таспаларда және фотосурет түрінде еді. Жиында Олжас Бектенов жауапты министрлерге жыл соңына дейін геологиялық тарихи деректерді цифрландыру жұмыстарын аяқтауды және 2026 жылы Геологиялық кластер құрамында заманауи зертхана құрылысын бастауды тапсырды. 


Бөлісу