Басты Жаңалықтар Депрессияға түскендер демалысқа шыға алады

Депрессияға түскендер демалысқа шыға алады

Депрессияға түскендер денсаулығына байланысты демалысқа шыға алады. Күйбең тірліктің ортасында жүріп, күйзеліске түскендерге енді еңбекке жарамсыздық парағы берілмек. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ал ол депрессия деген диагноз қалай анықталады? Жаңа өзгерісті көпшілік қалай қабылдап жатыр? 

Депрессия да дерт. Көпшілік жеңіл қабылдап, тек көңіл-күйдің төмен болуымен байланыстыратын құбылыс – негізі аса қауіпті аурулар қатарында. Бірақ бұл диагноз екінің біріне қойылмайды. Арнайы психиатриялық орталыққа жолдама беріледі. Дәрігер оның жағдайымен танысып, нақты  белгілері анықталғанда ғана  жұмысқа жарамсыздық парағын ашуға рұқсат етеді.

Нәби Есімов, Республикалық Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары:

Депрессияның белгілі бір клиникалық көріністері бар. Ол клиникалық көріністерін жалпы тәжірибедегі дәрігер немесе дәрігер психиатр уақытысында анықтай алады. Диагностикалық крийтерилерге сүйенеді. Және ол сылтау бола алмайды.

Ресми мәліметке сүйенсек, биыл елімізде мың жарым адам депрессияға ұшыраған. Басым көпшілігі 18 бен 40 жас аралығындағылар. Тән саулығынан, жан саулығы маңызды екені белгілі. Осы ұзаққа созылатын эмоционалдық шаршау кезінде демалыс қаншалықты көмектеседі. Бұл сауалды тұрғындарға қойып көрдік.

Депрессияның өз деңгейлері бар. Алғашында адамның жүйкесі сыр бере бастайды, үнемі көңілсіз әрі керітартпалық байқалады. Сондай-ақ энергиясы азайып, қарапайым ас ішу, серуендеу, өзгелермен сөйлесу сынды әрекеттерге зауқы соқпайды. Ал соңғы сатысында суицид туралы ойлар пайда болуы мүмкін. Сондықтан дер кезінде алдын-алу керек,-дейді мамандар.

Лимана Қойшиева, психолог:

Екі аптадан көп ұйықтамау, тамақтанбау немесе тамақты өте көп мөлшерде жеу, ойдың шашыраңқы болуы, өз жасап жатқан ісіне өзінің жауап бере алмауы, ұмытшақтық жағдай келген кезде, екінші кезеңде еңбекке жарамсыздық демалысын аштырып, дәрігерге қаралуы керек. Бұл жағдайдан қалай арыламыз? Достарыңызбен әңгімелесіңіз, ойыңызды ашық айтыңыз, таза ауада жүріңіз, витаминдер ішіңіз. Сондай-ақ өзіңіздің жақсы көретін ісіңізбен айналысыңыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде жер бетіндегі халықтың шамамен 4 пайызы депрессияға шалдыққан. Сондықтан  еліміздегі бұл бастама – халықтың психикалық денсаулығын жақсартудағы маңызды қадам,-дейді сарапшылар.


Бөлісу