Басты Жаңалықтар Еңбегімен еленген отбасы

Еңбегімен еленген отбасы

Ақтөбелік Ильфат Серікбаев әйелімен және екі бірдей бауырымен бірге бір зауытта жұмыс істейді. Ол еңбек жолын осыдан он төрт жыл бұрын кен балқытушы болып бастаған. Қазір ферроқорытпа зауытында өндірістік қамтамасыз ету менеджері болып еңбек етіп жүр. Оның бауырлары да аға жолын жалғап, мақтаулы маманға айналып үлгерді.

Балқытушылар қызыл жалын мен ыстық металл ортасында жұмыс істейді. Цехтағы температураның өзі 60 градусқа дейін жетеді. Яғни, мұнда нағыз жігерлі, мықты мамандар ғана еңбек ете алады. Бір пештің өзі тәулігіне 50 тоннаға дейін кен балқытып шығарады.

Нұржан Серікбаев, кен балқытушы:
Шихта мен пешке завалка жасап тұрасың. Ол 1600–1700 градуста қайнайды. Сосын кесетін уақыты болғанда барып кесесің. Бөлесің, металын бөлек, шлагын бөлек құйып аласың.

Ағайынды Серікбаевтардың екеуі кен балқытушы, бірі өндірістік қамтамасыз ету менеджері болып еңбек етіп келеді. Дегенмен Ильфат та алғашында екі бауыры секілді ыстық пеш жанында тұрып жұмыс істеген. Ол өмірлік жарын да осы зауыттан тапқан.

Ильфат Серікбаев, ферроқорытпа зауытының өндірістік қамтамасыз ету менеджері:
Балқыту цехында курьер болып жұмысқа тұрған. Солай оқу орнын бітіргеннен кейін келген . 2017 жылы екеуміз осы зауытта таныстық. 2018-де отбасын құрдық. Қазір екі баламыз бар.

Кәсіпорын осындай мықты мамандардың арқасында дамып, қанатын кеңге жайды. Қазір қуатты электр стансасының құрылысы жүріп жатыр. Оған негізінен зауыт жағып жатқан ферроқорытпа газы қолданылады.

Ержан Абдуллабеков, ферроқорытпа зауытының директоры: 
Жобалық қуаттылығы 80 мегаватт. Жобамызды екі жылда аяқтауды жоспарлап отырмыз. Инвестиция көлемі – 50 млрд теңге көлемінде салынады.

Мамандығын мақтан ететін ағайынды Серікбаевтар бұл жұмысқа үлкен жауапкершілік пен темірдей төзім қажет дейді. Зауыт басшылығы олардың еңбегін өзгелерге үлгі етіп келеді.




Бөлісу