Басты Жаңалықтар Нью-Йорктің 34 жастағы жаңа мэрі туралы не белгілі?

Нью-Йорктің 34 жастағы жаңа мэрі туралы не белгілі?

Осы аптадағы халықаралық панорамаға келсек, Нью-Йорк мэрі болып Зохран Мамданидің сайлануы — елең еткізетін жаңалықтың бірі.

Жасы 34-те. Мұсылман. Угандада дүниеге келген. 7 жасында ата-анасымен АҚШ-қа қоныс аударған. Жасөспірім шағында рэп оқыған, студент кезінде «Студенттер Палестинада әділдік орнауын қолдайды» деген клуб құрған. Қазір де «Израиль Газа секторында геноцид жасап отыр» деп санайды. Бұл пікірі АҚШ қана емес, Батыс әлемін де тіксіндіреді. Сонымен бірге Мамдани иммигранттардың қолдауына ие. Себебі ол иммигранттарды қолдайды.

Американың жұлдызы жанып жатқан саясаткері сайлауда жеңіске жете салысымен ашық түрде АҚШ президентінің шамына тие бастады. «Сен мені қарайтыныңды білемін, саған айтар үш сөзім бар: Дауысын қаттырақ шығар!» — деді ол камераларға бұрылып. Д. Трамп Мамданиді «коммунист» деп жақтырмайды.

Сайлауға дейін Нью-Йорк тұрғындарына: «Мамданиді сайласаңдар, Нью-Йоркті қаржыландыруды қысқартамын», — деді. АҚШ президенті қызметіне кіріскелі бері басшысы демократ болып табылатын қалаларға Ұлттық гвардия жіберіп, иммиграциямен күресті қатайтып келеді.

Мамдани әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланды. Ал сайлауалды бағдарламасына келсек, өзін демократиялық социалистпін дейтін ол қоғамдық жолаушылар автобустарын тегін жүргізуге, қала субсидия бөлетін тұрғын үйлердің жалға беру ақысын көтертпеуге, балабақшалардың ақысын азайтып, арзан азық-түлік дүкендер желісін ашуға уәде берген.

Ал ақша қайдан? Зохран Мамдани ауқатты корпорациялар мен жылына 1 млн доллар табыс табатын қала тұрғындарына салықты көбейтуді ойлайды.

Сарапшылар Трамптың Нью-Йоркке федералды қазынадан берілетін ақшаны барынша азайтып, түлкібұлаңға салуы мүмкін екенін айтады - Мамданидің сайлауалды уәделерін орындатпау үшін. Жаңа мэр қызметіне қаңтар айында кіріседі.

АҚШ президентімен «күрес» жоспарын ойластыруға уақыты бар. Мысалы, Уолл-стриттегі қаржы әлемінің лидерлерімен достасу деген сияқты. «Егер Мамданидің саяси мақсаттарына көмектессе, онда Трамппен айқасады. Ал көмектеспесе, онда «соғыспауға» ақылы жетеді деп ойлаймыз», - дейді сарапшылар.


Бөлісу