Енді Кавказ бен Оңтүстік Азия елдеріне жөнелтілетін отандық өнімдердің көлемі 2 есе артпақ
Қазақстан жаңа экспорт нарықтарын игере бастады. Енді Кавказ бен Оңтүстік Азия елдеріне жөнелтілетін отандық өнімдердің көлемі екі есе артпақ. Жаңа бағыттар бізге теңіз порттарына шығуға мүмкіндік береді. Мысалы, Иран арқылы Үнді мұхитына, Грузия арқылы Қара теңізге жол ашылады. Бұл – экономиканы тұрақтандырудың әрі әртараптандырудың маңызды қадамы.
Қазақстан тек шикізат емес, дайын өңделген өнімдерді экспорттауға күш салып жатыр. Мәселен, азық-түлік, құрылыс материалдары, әртүрлі сусындар, тіпті техникалық құрал-жабдықты да шекара асырмақ. Ал Кавказ және Оңтүстік Азия елдерінде осы тауарларға сұраныс жоғары.
Сондықтан еліміз Пәкістан, Үндістан, Әзербайжан, Армения және Грузия сияқты
нарықтарға бағыт алып отыр. Бұл елдерде шамамен 1,8 миллиард адам тұрады. Ал
олардың жалпы ішкі өнімі шамамен 4,6 триллион доллардан асады. Бұл – Қазақстан үшін
үлкен әрі әлеуеті зор нарық.
Айнұр Әмірбекова, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары:
Мынау Кавказ мемлекеттеріне қазір экспорт жоғарылату көзделіп отыр, екі есеге көтереміз. Қазіргі, мысалы, 14,5 млн агроөнеркәсіптегі тауарларды ұсынып отырмыз. Соңғы кезде қарқынды дамып жатқан машина өндіру саласында біздің технологиялар, біздің мынау құрылыс саласына арналған тауарлар өте сұранысқа ие.
Алматы облысындағы компаниялардың бірі биылдан бастап өнімін Грузия мен Әзербайжан нарығына жеткізеді. Олар әртүрлі кофе, шай және тәтті сусындарға дәм беретін табиғи жеміс сироптарын экспорттайды. Өндіріс көлемі жылына 8,3 миллион литрден асады. Оның 30-35 пайызын шетелге шығарып жатыр.
Әлішер Рузеев, компанияның операциялық директоры:
Бұған дейін көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспорттап жүрдік. Кавказ елдеріне жөнелтіп жатырмыз. Жаңа нарық өз брендімізді қалыптастыруға, компанияның жұмыс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сұраныс көбейген сайын табыста артатыны белгілі. Сондай-ақ осы елдер арқылы ары қарай Түркиямен байланыс орнатуға болады.
Қазақстан үшін Кавказ және Оңтүстік Азия нарығы – стратегиялық маңызға ие. Бұл елдер теңіз порттарына шығуға мүмкіндік береді әрі Еуразия нарығына логистикалық көпір бола алады. Ең бастысы экспорт пен импортты бір ғана нарыққа байламайды.
Қайрат Бодаухан, экономист:
Біздің геосаяси жағдайымыз үшін өте маңызды. Өйткені біз көп жағдайда екі үлкен державаға тәуелділік жоғары, оны жасыратынымыз жоқ. Тәуелділігіміз азайып, біз ол мемлекеттерге шығу жаңа технологияларды енгіземіз, жаңа өнімдердің түрлерін жасаймыз. Сол мемлекеттердегі нарықтық сұраныстарға байланысты жаңа өнімдер шығаруға талаптанамыз.
Қорыта айтсақ, халқы көбейіп, сұранысы артып келе жатқан аймақтар еліміздің экономикасын нығайтуға сеп болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы