Қазақстанда қараша айынан бастап не өзгереді?
Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға өтініш қабылдау осы айдың басты жаңалығы. Оның талаптары қандай? Қараша айында тағы не өзгереді?
Асылбек Данияр, тілші:
«Наурыз» бағдарламасына өтінімді «Baspana Market» порталы арқылы беруге болады. Ол үшін алдын ала тіркелу керек. Жүйеге кірген соң жеке кабинетке өтесіз. Менің өтінімдерім бағанынан «Наурыз» бағдарламасын таңдап, өтінім беру батырмасын басып, шарттармен танысасыз. Үй алғыңыз келген аймақты белгілеп, депозитті таңдап, келісім бересіз. Өзіңіз бен отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда баспана болмағанын растайсыз. Өтінім беруді аяқтау үшін электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қоясыз. Өтінім 1 желтоқсанға дейін қабылданады. Нәтижесі сол айдың ортасында жарияланады. Бағдарламаға 18-63 жас аралығындағы кез келген қазақстандық қатыса алады. Шотта кемі 2 миллион теңге және 6 айлық ресми табысы болуы міндетті.
Ипотека
рәсімдеудің шекті сомасы Астана мен Алматыда 36, басқа аймақтарда 30 миллион теңгеге
дейін. Бастапқы жарна әрленген жаңа пәтер үшін – 10%, әрленбеген және екінші
нарықтағы баспана үшін 20%-дан басталады. Несиені өтеу мерзімі – 19 жыл. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының талаптары
да осыған ұқсас. Бұл бағдарламаға түрлі саладағы жұмысшы мамандары қатыса
алады.
Су ақысын есептеу ережесі өзгерді
Сондай-ақ
осы айдан бастап судың ақысын есептеу ережесі өзгерді. Бұдан бұлай көппәтерлі үйлерде жалпы есептегіш пен жеке
есептегіштер көрсеткіші екі түрлі болса, айырмашылық барлық пәтерге теңдей бөлінеді.
Ал кімнің пәтерінде су есептегіші жоқ болса, ол бұрынғыдай әкімдік бекіткен
орташа норма бойынша төлейді. Тариф қымбаттамайды.
Магистратура мен докторантураға құжат қабылдау жүріп жатыр
Ал 10 қарашада магистратура мен доктарантураға түсу үшін құжат қабылдау аяқталады. Магистратура тестілеуі 14, докторантуранікі 27 қараша басталады.
«Қайрат» сырт алаңда екі матч өткізеді
Қарашада футбол жанкүйерлерін маңызды матчтар күтіп тұр. УЕФА чемпиондар Лигасы аясында алматылық «Қайрат» сырт алаңда екі ойын өткізеді. 6 қарашада Италияның «Интеріне», ал 26-да Данияның «Копенгагеніне» қонаққа барады. Қазақстандық клуб қазір турнир кестесінде 34-орында тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы