Басты Жаңалықтар Есірткімен ұсталғандар арасында мектеп оқушылары да бар

Есірткімен ұсталғандар арасында мектеп оқушылары да бар

Есірткі қоғам дертіне айналды. Биыл тоғыз ай ішінде елімізде есірткіге қатысты алты мыңнан астам құқық бұзу фактісі тіркелді. Ал төрт мыңға жуық адам ұсталған. Есірткіге тәуелді болып, қазір өкініш өзегін өртейтіндердің бірімен әріптесім Асылбек Данияр тілдесіп көрді.

Түрін көрсетпеуді сұраған Астана тұрғыны есірткіге 7 жылдан бері тәуелді. Қазір бесінші рет оңалтудан өтіп жатыр. Бәрі түнгі клубтан басталыпты. «Достарым қызықтырды», - дейді. Алғашында 15 күн үздіксіз шеккенін айтады. Уақыт өте қалай тәуелді болып кеткенін өзі де білмейді. Тіпті кәсібінен түскен пайданы жаратып жіберген. Айтуынша, елімізде есірткі сату да, сатып алу да оңай әрі қолжетімді. Көбіне интернет пен жабық мессенджерлерде саудаланады. Тіпті арнайы чаттары да бар екен.

Мұндай чаттар бір-бірінен қарыз алу үшін әдейі құрылған. Кейде ақшасы жетпей, есірткі іздеп қысылғандарға бірден курьер болуды ұсынады. Содан тапқан ақшасына қайтадан есірткі сатып алады. Көрдіңіз бе? Бұл жолға кіру оңай, шығу қиын. Бірде досым екеуміз тығып кеткен есірткіні іздедік. Қыс кезі, күн суық. Қатты тоңғанымыз сонша, досымның қолының, менің аяғымның саусағы үсіп қалды. Ендігі арманым - осындай орталықта кеңесші болып, жастарға көмектескім келеді.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, өткен 9 айда 26 тонна түрлі есірткі заты тәркіленген. 1 тоннасы синтетикалық есірткі. Көлемі былтырмен салыстырғанда 3 есе артқан. Ал анықталған өсімдік түрі өткен жылдан 20 пайызға көп. Қазір түрмеде 38 мыңнан астам сотталушы жазасын өтеп жатса, 10 пайызы есірткі қылмысына қатысы бар. Көбі 16-30 жас аралығындағы бұрын сотталмаған жастар.

Бақытжан Мәрханов, ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма басшысы:

Биыл ұсталғандардың саны 59. Оның ішінде 10 мектеп оқушысы бар, 40 колледж студенті бар, 5-6 адам жұмыс істемейтін жастар бар. Егер есірткі тұтынушы болса, ата-анасы кез келген дәріханалар экспресс тест бар, соны алып, биологиялық анализдерінің қорытындысымен тексеріп алуға болады. 

Аддиктологтар да қазір есірткіге тәуелді жастардың көбейгенін айтып, дабыл қағып отыр. Оған көбіне достары мен туыстары себепші болады дейді. Көбіне отбасында жылулық көрмеген бала оны сырттан іздейді, ақша табуды ойлайды.

Аманжан Әбдукәрімов, аддиктолог:

Қандай адам болмасын тәуелділіктің кішкене де болсын ізі қалады. Сол із адамның болашағына бәрібір әсер етеді. Болашағы дұрыс болуы үшін ортаны өзгерту керек, сананы өзгерту керек, тәртібін өзгерту керек. Ол жерде кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстар бар. Оған көп адам назар аудармайды, терең қарағысы келмейді.


Мұндай лас әрекетке көп адам еріп кетіп жатыр. Бұл – созылмалы дерт, емделмейді. Анда-санда үзіліс жасағаның болмаса, қайта-қайта орала бересің. Жақындарыңызға, балаларыңызға абай болыңыздар.

Бақытжан Мәрханов, ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма басшысы:

Ата-анаға айтарым: балаларға мұқият болсын, бос уақытын қадағаласын. Кешкісін кеш келсе, қалтасында артық ақша пайда болса немесе изолента, болмаса, ұялы телефондарында кіммен хабарласады, мінез-құлқына мән беріп,  тез ашуланса, үйге қонбаса, соның бәріне назар аударуы керек.

Есіртікі қылмысы аса ауыр қылмыс қатарына жатады. Оны жарнамалаған да, сатқан тіпті жеткізген адам да жазадан құтылмайды. Жеті жылдан бастап, өмір бойына абақтыға жабылады. Заң бойынша 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады.


Бөлісу