Білім беру саласына бөлінген қаржы 3 есе ұлғайды
Алдағы 4 жылда шетелдік 100 мың студент Қазақстанда білім алады. «Қазақстан – академиялық білім аймағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумында Қасым-Жомарт Тоқаев осындай меже қойды. Ол үшін виза режимі оңтайланып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалмақ. Университеттердің халақыралық талаптарға сай білім беруіне де ерекше көңіл бөлінеді. Жоғары білім мен ғылымды дамытуға жасалған жоспар туралы Оңғар Алпысбайұлы тарқатады.
Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш. Ал университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ғылыми ізденіс ортасы. Сондықтан Қазақстан білім-ғылымды дамытуға айрықша мән беріп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2019 жылдан бері осы салаға бөлінетін қаржы үш есе ұлғайды. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Мемлекет ғалымдарға, әсіресе, жас зерттеушілерге барынша қолдау көрсетуде.
Қазақстанның 5 университеті әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды
Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін мемлекет арнайы бағдарламаларды іске қосты. «Ұлттық қор балаларға», «Келешек» жинақтау жүйесі арқылы кәмелет жасына толған кезде баланың біліміне қаржы жинақталып тұрады. Жоғары білім беру саласының инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр, жаңа оқу ғимараттары бой көтеруде. Бұл жұмыстардың нәтижесі әлемдік деңгейде көріне бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
QS халықаралық рейтинг агенттігінің президенті Нунцио Квакварелли мырза өз баяндамасында бұл мәселеге кеңінен тоқталды, Қазақстан университеттерінің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ еліміздің 5 университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды. Бұл да біз үшін зор жетістік.
Қазақстан өңірлік академиялық хабқа айналады
Білім беру жүйесіне жасанды интелектіні енгізу де заман талабы. Қазақстан ChatGPT негізінде білім беру құралдарының пилоттық жобасын жүзеге асыра бастады. Әлемнің жетекші университеттерін елімізге тарту жұмыстары да қарқынды. Бүгінге дейін 40 шетелдік оқу ордасымен серіктестік орнатылып, елімізде 33 жоғары оқу орнының филиалы ашылған.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Үш негізгі мақсат қойып отырмыз. Біріншісі - ол шетелдік студенттерді әкеліп, осы біздің үлкен аймағымызда оқытып, Қазақстанды үлкен академиялық орталық ретінде қалыптастыру. Екінші үлкен мақсат - жергілікті мемлекеттік университеттерді халықаралық зерттеуші форматқа көшіру. Үшінші үлкен мақсат ол – технологиялардың трансфері.
Лаура Қарабасова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры:
Бұл - толықтай синхрондалған бағдарламалар. Яғни Ақтөбеде оқытатын білім беру бағдарламалары Шотландиядағы білім беру бағдарламаларымен немесе Малазиядағы білім беру бағдарламаларымен ол жердегі бағалау талаптарымен барлығымен сәйкестендірілген.
Мәселен, Солтүстік Қазақстандағы Манаш Қозыбаев атындағы жоғары оқу орнының базасында Аризона университетінің филиалы ашылған. Студенттер ел аумағында оқып, АҚШ университетінің дипломын алады.
Аружан Ермұхан, Аризона университетінің студенті:
Екі университеттен екі диплом алам. Аризона университетіне 4 курс кезінде біз тәжірибе алмасуға барамыз. Шетелдік профессорлар, сабақтар толық ағылшын тілінде өтеді. Білім деңгейі өте жоғары деп айта аламын.
Университеттер ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады
Бұл университет қазір ауыл шаруашылығында пайдаланылатын судың құрамын зерттеу бойынша үлкен жоба жүргізіп жатыр. Оның нәтижесі ел көлеміндегі егіншілікпен айналысатындардың игілігіне жарайды.
Ербол Исақаев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры:
Соңғы 2 жыл бойы біздің ғалымдарымыз су айдындарын зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кейін цифрлық платформа әзірленіп, диқандарға судың құрамы бойынша нұсқаулық беріледі. Сапалы су пайдалансақ, өнімнің де сапасы жақсы болатыны анық.
Заман талабы күн сайын өзгереді. Соған сай зерттеуді талап ететін бағыттар да жаңаруы тиіс. Ұлттық ғылым академиясы Оңтүстік Кореялық әріптестерімен бірлесіп, сұраныстағы салаларды сұрыптап бермек.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
Әлемде жаңалықтардың барлығы ашылып қойған. Оны қайталау бізге керек емес. Ол жаңалықтарды біз Қазақстанға трансферт ретінде алып келуіміз керек. Сонда тез өзгеріс болады. Соған байланысты мынадай технология бар, соны алып келіп, өзімізге бейімдеуіміз керек деп біз ғалымдарымызға белгі беріп отырамыз.
Ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету
Қазақстанда білім алып жатқан студенттердің 85 пайызы жасанды интеллект, киберқауіпсіздік пен ядролық физика сияқты салаларды таңдаған. Олардың ішіндегі үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылған. Себебі, ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз алдағы уақытта да білім мен ғылымға арқа сүйеп, Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстанды құру ісін жалғастыра береміз. Осы маңызды миссияны орындауға стратегиялық серіктестеріміз, білім және ғылым ордалары ерекше үлес қосып жатқанын атап өткім келеді.
Президент елімізде дарынды, қабілетті, ойы ұшқыр азаматтар өте көп екеніне тоқталып, халқымыздың жасампаздық рухына сенетінін жеткізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы 
                                 
                                 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                    