Биыл «Бурабай» ұлттық табиғи паркі аумағында жаңадан 7 шолу алаңы ашылды
Биыл «Бурабай» ұлттық табиғи паркі аумағында жаңадан 7 шолу алаңы ашылды. Ірі инфрақұрылымдық жоба туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар экожүйеге түсетін рекреациялық жүктемені азайтуға бағытталған.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Қазір біз Бурабайдағы 147 метр биіктікте орналасқан Бөлектау шолу алаңында тұрмыз. Осы жерден курортты аймақтың ең көрнекті орындарына тамаша көрініс ашылады. Сондықтан осында келушілердің саны өте көп. Ал осындай жабдықталған алаңдар ең алдымен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Бурабайдың тамылжыған табиғатын енді Әулиекөлді жағалай орналасқан жартастардың биігінен тамашалауға болады. Барлығы осындай 7 шолу алаңы бар. Олар: Аютас, Кебістас, Бөлектау, Мойнақ, Максимка, Иманай және Күйген мүйіс.
Рауан Тәттібай, жобалаушы компанияның техникалық директоры:
Жеті шолу алаңымызды жеті қазынамызға балағанбыз. Қазіргі тұрған локациямыз, шолу алыңымыз қыран құсқа арналып жасалған. Бүкіл шолу алаңдары қойылған кезінде бір де бір ағаш кесіліп алынған жоқ, барынша орындарында қалдыруға тырыстық.
Жыл сайын Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Бурабайда бір жарым миллионнан аса турист демалады. Инфрақұрылымның жетілдірілген сайын демалушылардың қатары артып келеді
Раиса Шәкенова, турист:
Бірінші рет келуім, өте керемет әсерде болдым. Осы жаққа келуге арманда едім. Таза ауасы қандай, табиғаты қандай, керемет әсер алып тұрмын. Биіктен, жоғарыдан баспалдақпен көтерілдік. Кішкене шаршаңқы болдық, бірақ керемет әсерде болдым, шаршағанымды да ұмытып кеттім, осы таудан жоғарыдан көргеннен кейін.
Баян Сүлейменқызы, турист:
Әсерім өте керемет, мен өзім Бурабайда бірінші рет болып тұрмын. Бурабайды бұрын табиғаты керемет деп еститінмін. Осы жолы өз көзіммен көріп, жан дүниеммен сезініп, осындай керемет мекеннің біздің елімізде орналасқанына шын жүректен қуанып тұрмын. Мына жаңадан жабдықталған орындарды туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған екен.
Шолу алаңдарымен қатар Бурабай аумағына бірнеше саябақ балалар ойын алаңдары мен әткеншектер ,ақпараттық тақталар қойылды. Жалпы Щучинск – Бурабай курортты аймағын кешенді дамыту жоспарына сәйкес 2029 жылға дейін 137 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы 
                                 
                                 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                    